Павлодарда автобус соқтығысты: зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Павлодарда автобус соқтығысты: зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Павлодарда автобус жол апатына ұшырап, екі жолаушы зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, жарақат алған екі әйелдің бірі жүкті болған, қазір жағдайы ауыр. Жол апаты жолаушылар автобусы мен екі көліктің соқтығысуы салдарынан орын алған.

Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде тарады. Фотода соққының жолаушылар автобусының сол жағынан болғанын байқауға болады.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты Малайсары батыр көшесінде болған. Автобус, МАЗ жүк көлігі және Chery автокөлігі соқтығысқан.

"Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалды", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккен үш адам оқиға орнынан ауруханаға жеткізілген.

"1968 жылы туған әйел мен 1989 жылы туған жүкті әйел ауруханаға жатқызылды. Екі жәбірленушінің де миы шайқалып, бет сүйектері сынған. Жағдайлары ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр", - деді денсаулық сақтау басқармасы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова