"Ата-әжемнің өртеніп жатқанын көрдім". Қарағандыда 8 жастағы оқушы өрттен қарындасын құтқарып қалған

"Ата-әжемнің өртеніп жатқанын көрдім". Қарағандыда 8 жастағы оқушы өрттен қарындасын құтқарып қалған
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарағандыда сегіз жастағы оқушы Нұриден Амантай өртеніп жатқан үйден 2 жасар қарындасын құтқарып қалған. Олардың үйі толығымен отқа оранып, балалардың атасы мен әжесі күйіктен қайтыс болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бұл оқиға былтыр желтоқсанда болған. Бірақ кішкентай батыр бұл туралы қазір ғана айта алады. Бала қолы мен бетінен күйік алып, туыстарынан айырылған.

"Өрт үйде мен, қарындасым, атам және әжем болған кезде басталды. Пеш тұрған кіреберісте бірнәрсе жарылып кетті. Біз ол кезде ас үйде тамақтанып отырған едік. Атам мен әжем дәлізге не болғанын көру үшін шығып кетті, олар ұзақ уақыт оралмады. Кейін мен олардың артынан барып, пеш маңында өртеніп жатқанын көрдім. Дәлізден шығу мүмкін болмайтынын түсіндім. Ас үйге жүгіріп, анама қоңырау шалып, қарындасымды алып, оны терезенің алдына көтердім. Содан кейін оған өзім көтеріліп, Рабиямен бірге секіргуге дайындалдым. Осы кезде көршілер терезеге қарай жүгіріп келді, алдымен қарындасымды шығарып, кейін өзім шықтым", - дейді Нұриден.

Балалардың ата-әжесі сыртқа шыққан, бірақ денелерін күйік шалған. Олар Нұриденмен бірге ауруханаға жатқызылған.

"Мен келгенде үй лапылдап жанып жатты. Күйеуімнің ата-анасын жансақтау бөліміне, Нұриденді палатаға жатқызды. Өкінішке қарай, екі күннен кейін қайын атам қайтыс болды. Тағы екі аптадан кейін енем қайтыс болды. Қазір біз күйеуіміздің туыстарында екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Олардың бес баласы бар", - дейді Нұриденнің анасы Надира Ақышова. 

Надираның төрт баласы бар. Нұриден мен Рабиядан басқа 10 жастағы ұлы мен 13 жастағы қызы бар. Өрт кезінде олар мектепте болған. Қазір отбасы баспанаға мұқтаж.

Жуырда №36 жалпы білім беретін мектептің 3-сыныбында оқитын Нұриденге қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім қонаққа келген. Ол оқушыға төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін алғысын білдіріп, білім бөлімінің қызметкерлері атынан велосипед сыйлаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек