Жамбыл облысында ауыл әкімдігі 19 миллион теңгеге кеңсе сатып алмақ болған

Жамбыл облысында ауыл әкімдігі 19 миллион теңгеге кеңсе сатып алмақ болған
Фото: 24.kz

Мемлекеттік сатып алулар сайтында Жамбыл облысының ауыл әкімдігі құны 19 миллион теңгеден асатын кеңсе ғимаратын сатып алуды жоспарлағаны туралы лот шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу дерегін облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері анықтады. Олар бұл мәселені зерттегеннен кейін Сарысу ауданына қарасты Жаңаарық ауылдық округі әкімдігінің ғимараты бар екені, жаңасын сатып алудың қажеті жоқ екені белгілі болды.

Мемлекеттік қызметшілер сайтта техникалық қате кетті деп түсіндірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері хабарлама жолдап, оның негізінде бұл лот мемлекеттік сатып алудан алынып тасталды.

Былтыр сатып алу бағасын қайта қарағаннан кейін мемлекет қазынасына 360 миллион теңге, ал биыл бірнеше айда 70 миллион теңге бюджет қаражаты қайтарылды.

"Сондай-ақ, бір дерек бар, бұл - мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде шығынды негізсіз асыра бағалау. Бұл тағы да Сарысу ауданы әкімдігіне байланысты, жарық диод экранға 61 миллион теңге бөлінген, алайда LED экранның орташа құны - 40 миллион теңге. Мониторинг барысында бұл анықталып, оларға арнайы таныстырылым жіберілді. Кейін бұл лоттың күші жойылып, экран 40 миллионға сатып алынды, бұл бюджетті 21 миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік берді", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ахметқалиев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек