"Өз көзіме сенбедім". Атыраулық оқушы әлемнің ең мықты 5 университетінен шақырту алды

"Өз көзіме сенбедім". Атыраулық оқушы әлемнің ең мықты 5 университетінен шақырту алды

Атыраулық оқушы Полина Вардашко әлемнің ең мықты 5 университетінен шақырту алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дарынды оқушы қазір Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқып жатыр. Ол бір мезгілде Канада, Германия, АҚШ елдеріндегі үздік бес университеттен ​оқуға шақыру хаты мен білім грантын алған. ​

Полина Канададағы әлемнің үздік 20 университеті қатарына кіретін Торонто университетінде биотехнология мамандығы бойынша оқығысы келетінін жеткізді.

"Мақсатым бірнеше жылдан бері Торонто университетіне түсу болды. Қабылдау хатын алған кезде өз көзіме сенбедім. Болашақта биология мен технологияны біріктіре отырып, ​әлемдік фармацевтика индустриясын дамытқым келеді. Университетте білім мен тәжірибе алғаннан кейін түрлі қатерлі инфекцияларға қарсы вакциналар жасағым келеді", - дейді Полина.

Айта кетейік, ол бұған дейін Германиядағы Jacobs Unieversity (биотехнология факультеті), АҚШ-тағы Drexel University (биология ғылымдары), Канададағы Carleton University (Биотехнология) және К University of Ottawa (биохимия факультеті) сынды университеттерден шақырту алған.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz