"Еш уақытта біреуді кінәламадым". 20 жылдан бері үйсіз жүрген 62 жастағы әжей баспаналы болды

"Еш уақытта біреуді кінәламадым". 20 жылдан бері үйсіз жүрген 62 жастағы әжей баспаналы болды
Фото: Almaty.tv

20 жылдан бері үйсіз жүрген Жамбыл облысының 62 жастағы тұрғыны "Шешімі бар" бағдарламасының көмегімен баспаналы болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап. 

"Қиын жағдайда өмір сүріп жатқан жандар жайлы естіп, көмектесуге бел будық. Алланың қалауымен әжейдің үйіне барып, жағдайын көріп қайттық. Мынадай суықта осындай үйде тұру оңай емес. Ойлана келе, осы әпкеме көмектесу керекпін деп шешім қабылдадым", - деді "Елге көмек" қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Серікбайұлы.

Баспаналы болған Гүлия Саханова қайырымды жандарға, "Елге көмек" қайырымдылық қоры мен "Алматы" телеарнасына алғысын айтты.

"Қанша қиналсам да, басымнан түрлі сынақ өтсе де мен мойыған емеспін. Үйімнің болмағанына мен еш уақытта біреуді кінәламадым. Басыма осындай жағдай түсті екен деп елден көмек сұрамадым. Қазір көмек қолын созып отырған жандарға алғысым шексіз. Рақмет!" - деді Гүлия Саханова.

Сондай-ақ әжей баспаналы болып қана қоймай, басындағы несиелері толық өтелді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина