Петропавлдық оқушының шабуылынан зардап шеккендер оқиға туралы айтып берді

Петропавлдық оқушының шабуылынан зардап шеккендер оқиға туралы айтып берді

Петропавлдағы мектеп оқушысының шабуылынан зардап шеккен оқушылар мен ата-аналар, мектеп директоры мен прокурорлар оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

№4 орта мектептің 9-сынып оқушысының шабуылынан бірінші болып Владислав Горбаченко зардап шеккен.

"Мен дәретханаға кіріп бара жатқанда алдымнан шығып, балтамен ұра бастады. Маска киіп алған. Қолында тағы пышақ болды", - дейді Владислав Горбаченко.

Ал жәбірленушінің анасы Вера Горбаченко баланың мектепке балта мен пышақты алып кіргеніне таңданып отыр.

"Неге тексермейді? Күзет болған жоқ. Баланың психикалық ауруы болса, үйде оқысын", - дейді Вера Горбаченко.

Ал мұғалімдері оқушының жуырда ғана емделіп келгенін айтты.

"Ұсталған оқушы денсаулығына байланысты сабаққа қарашаның 28-і ғана келді. Мен екінші қабатқа көтерілген кезде ол үндемей тұрды", - дейді Алмагүл Қасымова, №4 орта мектебі директорының орынбасары.

Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Назир Жәшібековтің сөзінше, бала пышақ пен балтаны сөмкесіне салып әкелген.

"Балалардың сөмкесі тексерілмейді. Оған ешкімнің құқығы жоқ. Қалғанын тергеу анықтайды", - дейді ол.

Қазір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Прокурорлардың айтуынша, ол психиатриялық есепте тұрған. Тіпті, Алматыға барып емделіп келген.

"Осы кәмелет жасына толмаған бала психиатриялық есепте тұрған және ауруханада жатқан. 2021 жылы ол бала сол психиатриялық диспансерде жатқан", - дейді Петропавл прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағанын хабарлаған едік.

Оқиға таңертең №4 мектепте болған. Қала әкімдігінің мәліметінше, екі бала балалар ауруханасында жатыр. Үшінші балаға оқиға орнында медициналық көмек берілген. 

Оқу-ағарту министрлігі еліміздің барлық мектебінде қауіпсіздікті тексеру жұмысы жүргізілетінін мәлімдеді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров оқыс оқиғаға қатысты арнайы комиссия жұмысын бастағанын және жан-жақты тексеру жүргізіп жатқанын, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.

Кейін өңір әкімі Айдарбек Сапаров Петропавл мектебіндегі шабуылдан кейін ауруханаға түскен балалардың жағдайын білді. Оның сөзінше, қазір олардың жағдайы тұрақты. Балалар дәрігерлердің бақылауында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан