Петропавлдағы мектепте жарақат алған оқушылар жансақтау бөлімінде жатыр

Петропавлдағы мектепте жарақат алған оқушылар жансақтау бөлімінде жатыр
Фото: tengrinews

Петропавлда пышақ жарақатынан зардап шеккен оқушылардың жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 13 ақпанда сағат 8:26-да "Көпсалалы облыстық балалар ауруханасы" ШЖҚ КМК қабылдау бөлмесіне жедел жәрдеммен түрлі жарақаты бар үш бала жеткізілген.

Зардап шеккендердің бірінің алған жарақаттарына, стационарға жатқызу қажет болмағанына байланысты, қабылдау бөлмесінде көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем тағайындалған.

Ал оқушылардың екеуін шұғыл емханаға орналастыру қажет болған. Науқастар жедел операция бөлмесіне жатқызылған. Бірқатар қажет диагностикалық шаралар, бейінді мамандардың консультациялары өткізілген.

"Қазір екі баланың жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінде", - делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағаны хабарланған болатын.

СҚО прокуратурасы мен Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім психиатриялық есепте тұр. Сондай-ақ, Петропавлдағы мектепте шабуыл жасаған оқушының маскасы мен балтаның суреті тарады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова