Бір күнде бір айлық қар жауған: Атырау қар құрсауында қалды

Бір күнде бір айлық қар жауған: Атырау қар құрсауында қалды

Атырауда қар шамадан тыс жауған. Ауылдардан бөлек, қала ішіндегі ахуал да мәз емес. Ақтүтек боранның салдарынан 33 елді мекен мен шағынауданда жарық өшті. Өңірде бастауыш сынып оқушылары үшінші күн қатарынан қашықтан оқып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Талжібек Қажығалиқызы - қала маңындағы Ақсай ауылының тұрғыны.

"Қысты әдетте қара топырақпен қарсы алып, шығарып салатын атыраулықтар үшін бұл күтпеген сынақ болып отыр. Өзім Ақсайда тұрамын. Бірнеше күннен бері қалаға қатынай алмай отырмын. Автобусқа шығатын жол жоқ. Оппа қарда қозғалу мүмкін емес. Ауламыздың өзін арши алмай жатырмыз", - дейді Талжібек Қажығалиқызы.

Қалың қар салдарынан №50, 54, 55, 58, 64 автобустар жолаушы тасымалын уақытша тоқтатқан. 

Дегенмен Атырау қалалық әкімдігі өкілдері коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтып отыр.

​"8 ақпанда қар тазартуға Атырау бойынша 96 техника жұмылдырылып, 1 020 шаршы метр қар шығарылды. Жалпы 4-8 ақпан аралығында 5 800 шаршы метр қар шығарылып, 152 тонна арнайы реагент себілді. Қазір қар тазалауда коммуналдық шаруашылық қызметкерлері мен техникалары дамыл таппай жұмыстарын атқарып жатыр", - деп нақтылады Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрислам Ғұмар.

Айта кетейік, облыстағы аудандарда қар күреу жұмыстарына 93 техника жұмылдырылған.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова