"Ана сүтінен де табылған". Экологтар Нұра өзеніндегі сынапқа байланысты дабыл қақты

"Ана сүтінен де табылған". Экологтар Нұра өзеніндегі сынапқа байланысты дабыл қақты
Фото: ҚР ІІМ ТЖ

Қарағанды облысы Нұра өзенінде әлі де сынап бар. Қарағандылық тәуелсіз экологтар су ластанғанын айтып, бас көтерді. Олардың сөзінше, шенділер тарапынан ешқандай әрекет жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков 2000 жылдары Қазақстан Нұра өзенін тазартуға шамамен 100 миллион доллар жұмсағанын айтады. Бірақ айтарлықтай нәтиже жоқ екен. Ал 2010 жылдары Қазақстанға Чехиядан келген экологтар түрлі сынама алған. Нәтижесі адамшошырлық.

"Өзен бойында тұратын адамдарда сынап концентрациясы жоғары болады. Әсіресе, сол жерден ауланған балықты тұтынатындардың сынап концентрациясы жоғары. Ең сорақысы емізулі ана сүтінен сынап таптық. Қаншама жұмыстар жасалса да нәтижесіз. Мұны шенділерге талай айттым, бірақ әрекет еткенін көрген жоқпын", - дейді тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков.

Оның сөзінше, ХХ ғасырда Теміртауда "Карбид" химзауыты жұмыс істеп, өзенге мыңдаған тонна сынап төгілген. Бүгінде оның орнында сынап қолданылмайтын Теміртау электромеханика зауыты (ТЭМК) бар. Бірақ улы металл топыраққа сіңіп қалған. Тазарту кезінде Нұра өзеннің түбінен және жағасынан, зауыт аумағынан мыңдаған тонна топырақ шығарылып, арнайы қорымға көмілген. Бірақ олар ескі коллекторды (кәріздегі сұйықтықтар мен газ ағызуға арналған кең арна - еск.) сол күйі қалдырған. Бұл зауыт жаңа коллектор салуға мүдделі. Бірақ билік тарапынан әлі де рұқсат ала алмай отыр.

Ал облыстық экология департаменті өкілі бұл жағдайды растап отыр.

"Ескі химзауыттан қалған коллекторлар бойында әлі де сынап бар. Сондықтан оны қолданған сайын өзен ластана береді. Қазір сол жердегі компания жаңа коллектор салу жұмысын жүргізіп жатыр. 2025 жылға дейін бұл мәселе шешілуі керек", - дейді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Исжанов.

"ТЭМК" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Иван Ленновтың айтуынша, жаңа коллектор толық салынып біткен. Енді құжат мәселесі реттелсе, іске қосылады. Ал оған коммуналдық ұйым мен Теміртау әкімдігінің келісімі қажет.

Жандос Бақытұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz