"PlayStation, таба, балта". Мемсатып алу порталында қандай қызық лоттар жарияланып жүр?

"PlayStation, таба, балта". Мемсатып алу порталында қандай қызық лоттар жарияланып жүр?

Мемлекеттік сатып алу порталында неше түрлі хабарландыру жарияланады. Кей әкімдіктер абаттандыру жұмысына байланысты лоттар жарияласа, кейбірі ойын консольдерін сатып алмақ болып, сынға ұшырап жатыр. Massaget.kz тілшісі мемсатып алу порталында әкімдіктегілер жариялаған қызық лоттарға шолу жасады. 

PlayStation ойын консолі

Әлеуметтік желіде Жетісу облысындағы Текелі мәдениет үйі PlayStation 5 ойын консолін және оған арналған бірнеше ойынды сатып алу туралы хабарландыру тараған еді. Лотта топтаманың бағасы 600 мың теңге деп көрсетілген. 

Кейін Прокуратура ойын консолін сатып алу кезінде "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заң бұзылғанын айтты. Сондықтан әкімдікке келісімшартты жоюға және жауаптыларды тәртіптік жазаға тартуға кеңес берілді.  

Ал қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, "Текелі әкімдігі қалалық мәдениет үйінде" халыққа мәдени-демалыс қызметтерін кеңейту мақсатында балалар ойын бөлмесі ашылған. Осы мақсатта заманауи PlayStation 5 ойын консолі мен теледидар сатып алынбақ болған.

Лот құжатында приставкадан бөлек, бірнеше танымал ойын дискілері жазылған. Тапсырысты орындаушы ойын консолінен басқа тағы 6 ойын дискісімен қамтасыз етуі керек еді. 

Былтыр Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Лисаков №6 жалпы білім беретін мектебі де мұндай ойын консоліне тапсырыс берген. Олар лот үшін 400 мың теңге бөлген. 

Сондай-ақ, 2020 жылы Түпқараған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің "Түпқараған аудандық жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі де PlayStation-ның көне түріне лот жариялаған. Оған 200 мың теңге бөлінген. 

Кофе дайындайтын аппарат

2022 жылы Семейдегі "Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы" өкілдері кофе дайындайтын аппаратқа тапсырыс берген. Қосылған құнға салынатын салықты есептемегенде бұл лот бағасы 320 мың теңге болды. Кейін мекеме сатып алудан бас тартқан. 

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының "Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны 3 миллион 8 мың теңгеге лот жариялаған. Құжат бойынша, бұл бағаға тапсырыс орындаушы мұзгенератор, таба мен кофе дайындайтын аппаратпен қамтасыз етуі керек. 

"Павлодар облысы Железин ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі 257 мың теңгеге кофе дайындайтын аппаратқа тапсырыс берген. 

Таба 

"Қашар кенті әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі 32 мың теңгеге қақпағы бар таба үшін хабарландыру жариялаған. 

Балта

Ал Қарашеңгел ауылдық округі әкімдігі биыл жыл басында 7 400 теңгеге балта сатып алған.

Көлік жөндеу

Әкімдіктер жыл сайын көлік жөндеуге де лот жариялайды. Мұндай қызмет лоттарының орташа құны - 100 мың теңге. 

Былтыр "Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі" мемлекеттік мекемесі 58 миллион теңгеге көлік сатып алуға хабарландыру жариялаған. 

Құжат бойынша, көлік 2022 жылғы, есепте тұрмаған болуы керек. Одан басқа, көлікте радио, Bluetooth, USB, TPMS-шина қысымын бақылау жүйесі, климатты бақылау болуы керек. Тағы бір қызығы, көліктегі орындық былғарымен қапталуға тиіс екен. Алайда кейін құжаттама өзгертіліп, лот бағасы 11 миллионға түсіп кетті. 

Әкімдіктерге тағы қажет нәрсе - канцелярия. Бір қызығы, Жетіарал әкімдігі кеңсеге қажет құралдарға 20 мың теңге бөлсе, Іргелі әкімдігі өкілдері 100 мың теңге бөлген. Бұл қаржы тек кеңсе басшының үстеліне кетеді.

Ал Павлодар облысының Полиция департаменті тек маркерлерге 60 мың теңгелік лот жариялаған.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек