Тоқаев тараздық қолөнершілерден қамшы мен қыш тостаған сатып алды

Тоқаев тараздық қолөнершілерден қамшы мен қыш тостаған сатып алды
Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тараздық қолөнершілерден қамшы мен қыш тостаған сатып алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысындағы қолөнер шеберлері көрмесін аралаған сәтінен екі видео жариялаған.

Біріншісінде Жамбыл облысы қолөнершілер одағының төрағасы Серік Ықылас Қасым-Жомарт Тоқаевқа жергілікті ұсталардың жасаған бұйымдарын таныстырған. Оның ішінде ұлттық аспаптар, ат әбзелдері, ер тоқым, қамшы бар. Президент осы кезде қамшыны қолына алып, "Қанша тұрады?", "Кімге төлеу керек?" деп сұрап, "Бір қамшы алайын" дейді. Қолөнерші "16 мың теңге" деп, ақшаны үстелге қоюын өтінген. Ал Тоқаев осы кезде үстелдің үстіне 20 мың теңгені қойып, "Қалған ақша керек емес" деп жауап берді.

Екінші видеода Тоқаев қыш тостаған сатып тұрған әйелдің тауарына жақындап, "Сатасыз ба?" деп сұраған. Ал қолөнерші "Әзірше ешкім сатып алып жатқан жоқ, бірақ ақырындап сатып жатырмын" деп жауап берді. Президент осы кезде "Сіздің саудаңызды жүргізу үшін сатып алайын" деп, қанша тұратынын сұрайды. Ал қолөнер шебері "Өз қалауыңызға қарай беруіңізге болады" деп жауап береді. Тоқаев әмиянынан 20 мың теңгені ұстатып, "Жете ме?" дейді. Қолөнерші әйел "Иә, көп рақмет сізге" деді.

Еске салайық, Президент Жамбыл облысындағы жұмыс сапары кезінде қолөнершілер көрмесін аралап көрген. Көрмеге 29 қолөнер шеберінің ағаш, тері және киізден жасаған бұйымдары, қыш ыдыстар, панно, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киім үлгілері, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар қойылған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан