"Құбырлар жамау-жамау". Қостанай облысында коммуналды апат жиіледі

"Құбырлар жамау-жамау". Қостанай облысында коммуналды апат жиіледі
Фото: Көрнекі сурет/t.me/KZgovernment

Қостанай облысында кейінгі уақытта коммуналды апат жиілеп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған саланың да жағдайы жақсы емес. Себебі былтыр облыс бойынша 1263 апат тіркелсе, оның жартысына жуығы Рудныйда болды. Ал Арқалықта 308 рет, Қостанайда 210 рет су құбырлары жарылып, апат тіркелген. Осы көрсеткішке сүйене отырып, жылдың әрбір күні су құбырларын жамаумен өткен.

Облыс аумағында ірі апат саны айтарлықтай көбейгенін өңір басшылығы да мойындап отыр.

"Апат жағдайын болдырмау мақсатында әкімдерге 1 маусымға дейін барлық желіге техникалық тексеріс жүргізуді тапсырамын. Өкінішке қарай, ол бұрын жасалмаған. Бізде не бар екенін де білмейміз. Облыс аумағындағы осы саланың толық жағдайын білу үшін білікті кадрлары мен техникалық мүмкіндіктері бар құзыретті мекемелер зерттеу жүргізуі керек. Сонда ғана жарылып жатқан құбырларды жамаумен айналыспай, осы апаттың алдын алуға мүмкіндік туады. Желілердің ең осал жерлерін анықтап, жөндеу жұмыстарын жоспарлау қажет. Желілерді жаңартуды талап етілетін жерлерге ЖСҚ шұғыл түрде әзірленсін. Қаражат жақында өтетін мәслихат сессияларында бөлінеді. Жөндеудің барлық түріне жылдық және айлық жұмыс кестесін әзірлеу қажет", - деді Құмар Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөніндегі кеңесте.

Ақсақалов қалалар мен аудандардың әкімдеріне 1 маусымға дейін халықты жылу, ауызсу, газбен қамтамасыз етіп отырған барлық желіге толық техникалық тексеріс жүргізуді тапсырды. Соның ішінде ең алдымен жылу мен ауызсу жабдықтау барысын қатаң бақылауға алу турасында айтылды.

Оның сөзінше, өткен жылыту маусымында Қостанайдағы жылу желілерінде бір ірі апат болған. Ал биыл жылу маусымы аяқталмай жатып, 5 апат болды. Оның басым бөлігі Рудныйда болып жатыр, одан кейін Арқалық пен Меңдіқара ауданы орталығында тіркелген.

Мешіт Ғазизұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz