Өскеменде салмағы алты келі болатын алып бала дүниеге келді

Өскеменде салмағы алты келі болатын алып бала дүниеге келді

Өскеменде ана мен бала орталығында салмағы алты келі бала дүниеге келді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл қалыпты нормадан артық. Бірақ бала уақытында туған және оның денсаулығы жақсы. Сонымен қатар, анасы табиғи жолмен босанған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Баланың анасы Назигүл Мұратқан - Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Сарыөлең ауылының тұрғыны. Көпбалалы ана алтыншы ұлын дүниеге әкеліп отыр.

"Жүктілігім де, толғағым да жеңіл өтті. Ай-күнім таяғанда бес келі болар деп жорамалдап жүрдім, бірақ тұп-тура алты келі болып дүние есігін ашты. Отағасының, туған-туыстардың қуанышында шек болған жоқ", - дейді Назигүлдің өзі.

Оның айтуынша, баланың есімін атасы Қалқабай деп қойған. Ана мен бала орталығындағы акушерлік-гинекология бөлімшесінің басшысы Серікбол Құрқымбаевтың айтуынша, құрсақтағы сәбидің салмағы төрт келіден жоғары болса, ол орталықтағы акушерлік-гинекология бөлімшесінде бақылауда болады.

Мамандардың сөзінше, алты келі сәбидің дүниеге келуі - сирек кездесетін жағдай. Осы орайда баланың салмағы қандай жағдайда нормадан тыс болады деген заңды сұрақ туады.

"Бала салмағының қалыпты жағдайдан артық болуына әсер ететін факторлар аз емес. Ең алдымен, генетикалық ақпараттарына байланысты баланың ата тегін ескеру қажет. Кейбір жағдайда қант диабеті, тағы басқа аурулардың салдарынан болуы мүмкін. Бала салмағы неғұрлым жоғары болған сайын анасына қиын, себебі алып баланы дүниеге табиғи жолмен алып келу оңай шаруа емес", - дейді Серікбол Құрқымбаев.

Айта кетейік, статистика бойынша, былтыр бұл акушерлік-гинекология бөлімшесінде 951 бала дүниеге келген. Оның ішінде салмағы бес келіден жоғары 16 нәресте бар.

Балауса Қожаева

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz