"Халықаралық мәртебесіне сай емес". Премьер-министр Шымкент әуежайын сынады

"Халықаралық мәртебесіне сай емес". Премьер-министр Шымкент әуежайын сынады
Фото: yandex.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Шымкент әуе айлағының жағдайын сынап, әуежай халықаралық мәртебесіне сәйкес келмейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Осы себепті Әлихан Смайылов жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырды.

"2018 жылы жаңа терминал салу тапсырылды. Неліктен ол әлі пайдалануға берілмеген? Әуежай туристерге, қала қонақтарына және жалпы халыққа алғашқы әсерді сыйлайды. Осы себепті жаңа терминалдың жылдам пайдалануға берілуі маңызды",- деді Әлихан Смайылов.

Ал Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов жаңа терминалды осы жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берді. Қазіргі уақытта оның құрылысы 80 пайыз аяқталғанын айтты.

Айтпақшы, бұған дейін жаңа терминалды 2022 жылғы қыркүйекте пайдалануға беру жоспарланған еді.

Шымкенттегі жалпы ауданы 35 мың шаршы метр болатын жаңа терминал жолаушылар санын жылына 800 мыңнан 3,5 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік беретіні хабарланды. Жоспар бойынша сағатына 2 000 жолаушыны өткізе алады. Сонымен қатар бір уақытта 16 ұшаққа дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін төрт телескопиялық трап орнату жоспарланып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан