Адамдар әлеуметтік желіге қанша уақытын жұмсап жүр?

Адамдар әлеуметтік желіге қанша уақытын жұмсап жүр?
Фото: ©REUTERS

2022 жылғы үшінші тоқсанда, Datareportal.com мәліметінше, әлемде әлеуметтік желі қолданушылардың саны 4,74 миллиард болған. Бұл тоқсанда 0,7 пайызға, ал бір жыл ішінде 4,2 пайызға өсіп отыр, - деп хабарлайды Ranking.kz.

Басылым мәліметінше, жер бетіндегі барлық адамның 59,3 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Интернеті бар адамдардың 93,4 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады. 

Әлеуметтік желіні қолданушыларының басым бөлігі - ерлер (54 пайыз), ал әйелдер 46 пайызы болады.

Былтырғы үшінші тоқсанда 16-64 жас аралығындағы әрбір адам әлеуметтік желіде күніне орта есеппен 2 сағат 28 минут жұмсаған (былтырғыдан 1 минутқа көп).

Әлеуметтік желіде ең көп отыратындар - нигериялықтар. Олар күніне 4 сағат 20 минут отырады. Одан кейінгі орында Бразилия мен Оңтүстік Африка (3 сағат 44 минут), Филиппин (3 сағат 42 минут), Колумбия (3 сағат 35 минут). Жапония халқы әлеуметтік желілерде ең аз уақыт өткізеді (тәулігіне 49 минут), одан кейін Оңтүстік Корея (1 сағат 11 минут) және Австрия (1 сағат 30 минут).

Адамдардың көпшілігі отбасымен және достарымен хабарласу үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады (47 пайыз). 35,4 пайызы бос уақытын ғана өткізгісі келеді, 34,6 пайызы жаңалық оқиды, 30 пайызы белгілі бір контент іздейді, 28,7 пайызы әлемде не болып жатқанын түсінуге тырысады. Қолданушылардың тағы 27 пайызы әлденені іске асыру немесе алу үшін әлеуметтік желілерден шабыт пен жаңа идея іздейді, 26,2 пайызы әртүрлі тауарларды іздейді және сатып алады.

Facebook - 2,9 миллиард қолданушысы бар әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі. Одан кейін 2,5 миллиард және 2 миллиард қолданушылары бар Youtube пен WhatsApp тұр. Үздік бестікке Instagram (1,4 миллиард пайдаланушы) және WeChat (1,3 миллиард пайдаланушы) кірді. Сондай-ақ, TikTok, Facebook Messenger, Telegram, қытайлық Douyin, Kuaishou, Sina Weibo және басқалары ең танымалдар тізімінде.

Белсенді қолданушылардың 16,1 пайызы ең сүйікті Желі ретінде WhatsApp-ты таңдаған. Сүйікті Желі ретінде екінші орында Facebook (14,6 пайыз), ал тағы бір Meta өнімі Instagram үшінші орында.

Егер қолданушылардың әлеуметтік желіде өткізетін уақытын қарастырсақ, Youtube көшбасшы: айына орта есеппен 23,4 сағат. Қолданушылар айына TikTok-қа 22,9 сағат, Facebook-ке 19,7 сағат, WhatsApp-қа 17,3 сағат, Instagram-ға 11,7 сағат, Line-ге 11 сағат, Twitter-ге 5,5 сағат, ал Telegram-ға 4 сағат, Facebook Messenger мен Snapchat-қа 3,1 сағат жұмсайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова