Тендер дауы: Шымкентте кәсіпкер 5 мың газқағарды әкімдіктің алдына шашып кетті

Тендер дауы: Шымкентте кәсіпкер 5 мың газқағарды әкімдіктің алдына шашып кетті
Фото: pixabay

Шымкентте 187 миллион теңге тұратын бес мың дана газқағар әкімдіктің алдында шашылып жатыр. Тендерді ұтып алған кәсіпкерден тапсырыс беруші әкімдік тауарды қабылдамай қойыпты. Ашуланған жеке кәсіпкер әрқайсы 36 мың теңге тұратын 5 мың газқағарды ғимараттың алдына лақтырды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Арна журналистерінің хабарына қарағанда, шенеуніктер "тауарың жоқ" кәсіпкерді сотқа берген. 

"Бұлар әбден өздерінің үйреніп қалған компанияларымен жұмыс істейді. 60 миллион мемлекетке қайтарып отырған ақшам ешкімді қызықтырып жатқан жоқ. Бұлардың тек айтатыны сотқа бар, сотқа бар", - дейді кәсіпкер Гүлсахар Гасанова.

Кәсіпкер 187 миллион теңге шығындап, қажетті бес мың дана газқағарды сатып алғанын дәлелдей алмай жүр. Сондықтан бүгін тауарын көрсету үшін әкімдікке келіп, шенеуніктердің алдына тастады.

Ал тапсырыс бергендердің айтуынша, тауар уақытында жеткізілмеген. Сондықтан әкімдік тарапынан келісімшартты біржақты бұзып, сотқа жүгініпті.

"Бұл кісілердің 2022 жылғы келісімшарты бойынша соттың шешімі шықсын. Егер де біздің тарапқа төлеп берсін, осылардың тауары алынсын деп шешім шықса, біздің тараптан заңға сәйкес төлеп, тауарын аламыз", - дейді Шымкент әкімдігі аппаратының мамандандырылған базасының басшысы Ердәулет Құрманғазы.

Шымкент әкімдігі бірер күннен кейін тағы 4 мың газқағарға конкурс жарияламақшы, бірақ олар дайын тауарын өткізе алмай жүрген кәсіпкердің газқағарын алудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан