Шымкентте кәсіпкер шенеуніктен 50 миллион теңге бопсалаған

Шымкентте кәсіпкер шенеуніктен 50 миллион теңге бопсалаған

Шымкентте Түркістан облысының шенеунігінен 50 миллион теңге бопсалаған кәсіпкерді ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, күдіктіні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған. Мемлекеттік мекеме басшыларының бірі Шымкент қаласының Полиция департаментіне жүгінген. Күдікті шенеуніктің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратамын деп жеке кәсіпкер 50 миллион теңге бопсалап отырғанын айтты.

Бұл деректі жедел уәкілдер Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алу") бойынша тіркеді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады.

Ол бұрын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысқан мегаполис тұрғыны болып шықты. Алайда ол конкурстан жеңіліп, жәбірленушіні кінәлаған. Оны полицейлер 45 миллион теңгені қолма-қол алу кезінде ұстады. Оның 40 миллион теңгесі жалған ақша болды. Күдікті қамауда.

Оған қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина