Боран, тұман, көктайғақ: өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Боран, тұман, көктайғақ: өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Қазақстанда боран, тұман және көктайғақ күтіліп отыр. Синоптиктер 12 өңірде ауа райына байланысты ескерту жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

8 қаңтарда Түркістан облысының солтүстігінде тұман күтіледі. Түнде оңтүстік-батыстан соғатын жел екпіні таулы аймақтарда, күндіз солтүстікте, батыста, оңтүстікте, тау бөктерінде 15-20, 23-28 метрге жетеді.

Шымкентте күндіз жел екпіні 15-20 метр болады. Ал Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде қар, боран күтіледі. 

Ақмола облысында түнде қар, күндіз жауын-шашын (негізінен қар) күтіледі. Кейде қарлы боран, күндіз көктайғақ болады.

Түнде Батыс Қазақстан облысының оңтүстік, шығысында қарлы боран күтіледі. Жел екпіні солтүстік-батыста, облыстың оңтүстігінде, шығысында секундына 15-20 метрге жетеді.

Астанада қарлы боран соғып, күндіз көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік, оңтүстік-батыстан соғады, екпіні секундына 15-20 метр болады.

Атырау облысында солтүстік-батыстан жел соғады, оның екпіні түнде облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде секундына 15-20 метр болады.

Павлодар облысының басым бөлігінде жауын-шашын (қар, жаңбыр) күтіледі. Облыстың солтүстігінде, батысында боран соғады. Күндіз оңтүстікте, облыс орталығында көктайғақ болады.

Түнде Ақтөбе облысының шығысында қалың қар жауады. Түнде облыстың солтүстігінде, шығысында қарлы боран соғып, облыстың оңтүстігінде көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын жел екпіні түнде 15-20 метр болады, облыстың оңтүстігінде екпіні секундына 23 метрге жететін жел тұрады. Ал күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қарлы боран соғып, көктайғақ күтіледі. Жел екпіні оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында секундына 15-20 метрге жетеді.

Абай облысының солтүстігінде, батысында, орталығында қарлы боран соғып, көктайғақ күтіледі. Семейде ертең түстен кейін боран, көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстіктен соғады, күндіз екпіні секундына 15-20 метр болады.

Қостанай облысының басым бөлігінде қар жауады, облыстың солтүстігінде, шығысында боран соғып, жел күтіледі.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, шығысында қарлы боран соғып, тұман түсіп, көктайғақ болады. Сонымен қатар, екпіні секундына 23-28 метрге дейін жететін жел күтіледі.

2023 жылғы 7-8 қаңтар аралығында кіші және үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде қар көшкіні жүруі мүмкін. Қар көшкіні жүруі мүмкін болғандықтан, қар басқан беткейлерге шықпау қажет. Тауларда сақ болған абзал.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова