Жарнама "Еуразия" кинофестивалінің алғашқы сыйлықтары табысталды

"Еуразия" кинофестивалінің алғашқы сыйлықтары табысталды

Алматыда XVI "Еуразия" халықаралық кинофестивалі басталды. Ашылу салтанаты Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті.

Бағдарлама қызыл кілем рәсімімен басталды. Салтанатты түрде безендірілген театрдың бас залында іс-шараны фестиваль президенті Ардақ Әмірқұлов пен бағдарлама директоры Гүлнар Әбікеева ашты. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың кіріспе сөзі сахнадан оқылып, онда ол қатысушыларға шығармашылық жетістіктер мен жемісті күн, жақсы көңіл күй тіледі.

"Еуразия" байқау бағдарламаларына қатысатын барлық фильмдерді қамтитын трейлер де көрсетілді. Оған қоса, көрермендер қазылар алқасының мүшелерімен танысты. Бір қызығы, сахнаға шыққан шетелдік қонақтар алдымен қазақ тілінде кем дегенде бір-екі сөз айтуға тырысты.

Салтанатты шараның басты тосынсыйы фестивальдің арнайы жүлделерін табыстау болды. "Орталық Азия кинематографының дамуына қосқан үлесі үшін" жүлдесін атақты өзбек режиссері Әли Хамраев алды, ол осы фестивальде халықаралық байқаудың қазылар алқасын басқарады. 85 жастағы өзбек киносы шеберінің жауабы іс-шарадағы ең жылы лебіздерге толы сөздер болды:

"Бүгін Қазақстан жеріне мереке келді – әлемдік кино өкілдері Сіздердің шаңырақта қонақта. Менің ойымша, қиын кезеңде басқа халықтарды жылы қабылдай алатын адамдар керемет! "Еуразия" фестивалі өмір сүреді, бұл - ең бастысы! Біз оны сағындық. Фестивальге және Қазақстанға сәттілік!".

Тағы бір арнайы сыйлық - "Қазақ кинематографына қосқан үлесі үшін" - мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовке табысталды.

Бағдарлама ашылу фильмінің, қазақстандық кинорежиссер Сәбит Құрманбековтің "Боран" картинасының көрсетілімімен аяқталды.

Бірақ ашылу салтанатына дейін Фестиваль орталығында алғашқы баспасөз конференциялары өтті.

Алдымен журналистердің алдында іс-шара ұйымдастырушылары сөз сөйледі. Гүлнар Әбікееваның айтуынша, биылғы фестивальде жұлдызды қазылар алқасы мен өте мықты бағдарлама құрылды. "Егер бір кездері бізде "Динамикалық дамып келе жатқан қазақ киносы", содан кейін "Динамикалық қазақ киносы" бағдарламалары болса, қазір біздің кинематограф халықаралық байқаумен тең жеке ұлттық конкурс өткізуге мүмкіндік беретін деңгейге жетті. XVI "Еуразия" кинофестивалінің басты ерекшелігі мен жаңалығы - осы".

Байқау бағдарламаларының жоғары деңгейінің дәлелі - байқауға қатысатын төрт картинаның өз елдерінен "Оскар" сыйлығына ұсынылғандығы. Сонымен қатар, фестивальде бірден төрт әлемдік премьера өтеді.

Тағы үш баспасөз конференциясында ұлттық, халықаралық байқаулардың және NETPAC (Азия киносын ілгерілету жөніндегі халықаралық желі) қазылар алқасының "тұсаукесері" өтті.

Негізгі іс-шарамен қатар Кинопарк 10 Forum кинотеатрында фильм көрсетілімдері басталды. Халықаралық байқаудан "Иль Боемо" (Чехия – Италия – Словакия; режиссер Петр Вацлав) және "Әйел" (Қытай; режиссер Ван Чао) фильмдері көрсетілді. Ұлттық байқаудан – "Тау жуасы" (режиссер Эльдар Шибанов), "Зере" (режиссер Дәурен Қамшыбаев) және "От" (режиссер Айжан Қасымбек) картиналары көрсетілді. Ал "Ерекше оқиға" конкурстан тыс бағдарламасы болгар режиссері, ұлттық байқаудың қазылар алқасының мүшесі Милко Лазаровтың "Ага" картинасымен ашылды. Ол бүкіл әлем бойынша кинофестивальдерде көптеген марапаттарға ие болған, ал XIV "Еуразия" кинофестивалінде Үздік режиссура үшін жүлдегер атанған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина