Жамбыл облысында тұрғын үйден өрт шығып, екі бала қаза тапты

Жамбыл облысында тұрғын үйден өрт шығып, екі бала қаза тапты

2 желтоқсанда Жамбыл облысы Шуда жеке тұрғын үйден өрт шықты. Оқиға орнынан екі баланың мәйіті табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, өрт кезінде балалар үйде жалғыз қалған.

"2 желтоқсанда сағат 23.55-те Шуда жеке тұрғын үйден өрт (тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртенген) шықты. Оқиға орнынан 2017 және 2020 жылы туған екі баланың мәйіті табылды. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің күшімен өрт сағат 00.10-да оқшауланып, 00.35-те сөндірілді", - деді Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері.

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің мәліметінше, өртсөндірушілердің бірінші бөлімі 3 минутта жеткен.

"Алдын ала мәлімет бойынша, қайтыс болған балалардың анасы, 1989 жылы туған азаматша, балаларды үйіне қалдырып, есікті сыртынан жауып кеткен.

Төтенше жағдайлар департаменті бұл үйде профилактикалық жұмыстар 2022 жылғы 22 қазанда жүргізілгенін айтты. Рейд барысында өртсөндірушілер үйді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді", - делінген хабарламада.

Бұл дерек бойынша Шу ауданының бөлімшесі ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша іс қозғады.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек