Әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен мектеп оқушысы жантүршігерлік жол апатына ұшырады

Әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен мектеп оқушысы жантүршігерлік жол апатына ұшырады

Жамбыл облысында 15 жастағы жасөспірім әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кетіп, жол апатына түсті. Салдарынан бір адам қайтыс болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жантүршігерлік жол апаты 1 қарашада сағат 21:30-да "Тараз-Айша бибі" автожолының 1-шақырымында болған.

15 жастағы жасөспірім Айша бибі ауылынан Тараз қаласы бағытына келе жатып, көлікті басқара алмай жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, ағашқа соғылған.

Жүргізушіден басқа көлікте тағы үш жасөспірім болған.

"Жол апаты салдарынан 14 жастағы жолаушы оқиға орнында алған дене жарақатынан қаза болды. Жүргізуші және әртүрлі дене жарақатын алған екі жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен соталды тергеу амалдары басталды", - делінген хабарламада.

Бірқатар қажет сараптамалар тағайындалды. Сондай-ақ, жасөспірімнің ата-ана рұқсатынсыз үйден әкесіне тиесілі көліктің кілтін алғаны анықталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова