25 градусқа дейін аяз: қарашада ауа райы қандай болады?

25 градусқа дейін аяз: қарашада ауа райы қандай болады?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазгидромет синоптиктері қарашадағы ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Синоптиктер мәліметінше, қарашада республикада ауа температурасы климаттық норма шегінде болады. Елдің батыс жартысында жауын-шашын нормадан аз, ал шығыста норма шегінде жауады. 

Қарашаның басында Скандинавиядан Ресейдің Еуропалық аумағы арқылы циклон үлкен жылдамдықпен Қазақстан аумағына ауысады. Сондықтан ауа райы тұрақсыз болады. Жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде болады деп күтіледі, республиканың оңтүстігінде жаңбыр жауады. Атмосфералық фронттарға байланысты жауын-шашын, көктайғақ еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында тіркеледі және жел жылдамдығы секундына 15-28 метрге дейін күшейеді.

Қарашаның алғашқы күндерінде Қазақстан аумағы бойынша ауа температурасы түнде -5+5 градус, күндіз +1+9 градус, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жылы, яғни күндіз +10+18 градус болады.

Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап циклон шығыс бағытта жылжып, Қазақстан аумағынан кетеді. Бұл циклонның ізінен Қара теңіз аймақтарынан антициклон таралады, бұл жауын-шашынның батыс өңірлерде тоқтауына әсер етеді. Онкүндіктің соңында республиканың қалған аумағында да жауын-шашын тоқтайды. Ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында түнде -3-13 градусқа дейін, күндіз-5+2 градусқа дейін, оңтүстік жартысында түнде -5+2 градусқа дейін, күндіз 0,+8 градусқа дейін біртіндеп төмендейді. 

Айдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағында Солтүстік теңіз, Батыс және Шығыс Сібір аудандарынан суық ауа массалары жиі келіп, тұрақсыз ауа райы болады. Ауа райы былай төмендеуі мүмкін:

- солтүстік жартысында түнде -17-25 градусқа дейін, күндіз -5-12 градусқа дейін;

- оңтүстік жартысында түнде -10-17 градусқа  дейін, күндіз -3-10 градусқа дейін.

Алайда Қазақстан аумағына Атлантика мен Иран аумағынан ауа массалары ауысатын жылы күндер де болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова