Сауалнамадан өткен қазақстандықтарға танымал банк төлем жасайтыны рас па?

Сауалнамадан өткен қазақстандықтарға танымал банк төлем жасайтыны рас па?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Instagram әлеуметтік желісінде әрбір қазақстандық сауалнамадан өткені үшін Kaspi Bank атынан 290 мың теңге алатыны туралы жарнамалық хабарландыру шықты. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды stopfake.kz.

Басылым мәліметінше, хабарландырудың Kaspi Bank-ке де, елдің басқа банктеріне де ешқандай қатысы жоқ. Мұндай хабарландыруларды алаяқтар қолданушылардың жеке деректерін иемдену мақсатында жариялайды.
Бұл туралы банктің ресми сайтында жазылған.

"Kaspi.kz ұтыс ойындарын, конкурстар, сауалнамалар өткізбейді және жаппай ақпарат таратпайды. Барлық қажет хабарлама Kaspi.kz мобильді қосымшасына жіберіледі", - делінген хабарламада.

Алаяқтарды қалай тануға болатыны туралы Kaspi-дің Facebook-тегі ресми парақшасында егжей-тегжейлі жазылған. Қолданушыларға күмәнді жарнамалардың скриншоттарын түсіріп, оларды Банктің ресми аккаунттарына жіберу ұсынылады. Осылайша, қызметкерлер алаяқтардың парақшаларын бұғаттап, азаматтарды қорғау үшін барлық қажет шараны қолдана алады.

"Баршаңызды сақ болуға және сауалнамадан өткені, "лайк" қойғаны немесе пікір жазғаны үшін қомақты төлем алу ұсынылған хабарландыруға сенбеуге шақырамыз", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек