"Еркелету сағаты". Жамбыл облысында ата-аналарға баласын еркелету тапсырылғаны рас па?

"Еркелету сағаты". Жамбыл облысында ата-аналарға баласын еркелету тапсырылғаны рас па?
Фото: Видеодан алынған кадр

Желіде Жамбыл облысында "Еркелету сағаты" пайда болды деген ақпарат тарады. Ата-аналар бір сағат ішінде балаларымен сөйлесіп, оларды еркелетуі керек, кейін оны видеоға түсіріп, мұғалімдеріне жіберуі керек. Облыстық білім басқармасы басшысы бұл ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл видео Qumash Telegram-арнасында пайда болды. Онда әкесі мен қызы бір-бірін құшақтап, видеоға түскен. 

"Жамбыл облысында ұстаздар ата-аналардан сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін балаларын сүйіп тұруды сұраған. Оны "Еркелету сағаты" деп атаған. Ата-аналар балаларымен өткізген уақытты видеоға немесе суретке түсіріп, мұғалумдеріне жіберуі керек, ал олар коллаж жасап әкімдікке жібереді", - делінген хабарламада. 

Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы Білім басқармасы басшысы Бейқұт Жамангозовқа хабарласып, оқиғаның мән-жайын анықтады. Оның айтуынша, ата-аналар бұл ұсынысты дұрыс түсінбеген, мұғалімдер мен әкімдік тарапынан қандай да бір есеп туралы сөз қозғалмаған. 

"Бұл жерде ата-аналар мен балалар арасында байланысты нығайту көзделген, басқа артық еш нәрсе жоқ. Есептілік, қағазбастылық - жалған ақпарат. Ата-аналар сурет пен видео дегенді дұрыс түсінбей қалған. Жаппай фотоға, видеоға түсіру деген әңгіме болмады. Баланың көңіл күйіне қатысты, психологиясына қатысты түрлі жоба жүріп жатыр. Бұл жоба 2019 жылы бір ауданда болды, жоба атауын "Еркелету сағаты" деп Білім басқармасы бекітті", - деді Бейқұт Жамангозов. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек