Ісі сотқа жеткен атақты шоу-бизнес өкілдері

Ісі сотқа жеткен атақты шоу-бизнес өкілдері
Фото: Instagram

Жақында белгілі әнші Төреғали Төреәлінің басы дауға қалған еді. Әнші Көлсай маңында туристік гид қызметін атқаратын жігітті соққыға жыққаны айтылған болатын. Кейінірек әнші қамауға алынғаны белгілі болды. Massaget.kz тілшісі даулы оқиғадан кейін ісі ушығып кеткен шоу-бизнес өкілдері кім екеніне шолу жасады.

"Көзін алмады". Төреғали Төреәліге қатысты дау қайдан шықты?

© polisia.kz

Әнші Төреғали Төреәлі туристік гид қызметін атқаратын Бекарыс Қожбанов есімді жігітті соққыға жыққан. Бұл оқиға 28 қыркүйекте Алматы облысы, Кеген ауданында орналасқан "Көлсай көлдері" ұлттық паркі аумағында болған. Полицейлер Төреғали Төреәліге қатысты осы істің жай-жапсарын айтып, бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабында "Бұзақылық" бойынша тіркелгенін мәлімдеген еді.

30 қыркүйекте әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов хабарлаған еді. Ал әнші Көлсайда болған жағдай бойынша өз нұсқасын айтқан еді. Оның сөзінше, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан. Қазір БАҚ пен әлеуметтік желілерде, әнші сотқа дейін босатылғаны айтылып жатыр.

Мейрамбек Бесбаев Төреғали Төреәліге араша түсті

Гаухар Әлімбекова не үшін сотталды?

Гауһар Әлімбекова сот залында. © Tengrinews.kz

Бір кездері белгілі әнші Гауһар Әлімбековаға да қатысты даулы оқиға болған еді. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов бұл оқиғаның анық-қанығын түсіндірген болатын. Оның сөзінше, бұл - 2013 жылы болған іс.

"Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойындағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінде түрік компаниясы үй салған. Оны істің фигуранты Феруза Ордабаева әкімдікте істеймін әрі мемлекеттік бағдарламамен 3 бөлмелі пәтерлерді 40 мың долларға алып беремін деп, 35 адамды алдаған. Солардың ішінде әнші Гауһар Әлімбекова да бар. Ордабаева Әлімбекованың талай концертіне барып, сүйіп тыңдайтын жанкүйері болған, соңы таныстыққа ұласқан. Сөйтіп, екеуі құрбы болған. Әлімбекова сол алаяқ құрбысының ұсынысынан кейін үш туысының атынан үш бөлмелі 3 пәтер алған", - деп әңгімеледі ол.

Алғаннан кейін бір жылдай уақыт тұрған. Адвокаттың сөзінше, ескі танысы, құрбысы Бақыт Назарова әншінің үйіне қонаққа келген. Осы кезде Назарова оның үйіне қызығып, өзі де сатып алғысы келген. Осылайша, ол да Ордабаевамен танысып, үйге 40 мың доллар ақша береді. Сөйтіп, бір айдың ішінде Назарова баспаналы болады. Әнші Әлімбекова мен арызданушы Назарова екеуі бір подъезде тұрған. Ал уақыт өте келе бұл үй негізі келісімшарт бойынша бөліп төлеуге сатып алынатын, құны әлдеқайда қымбат үй болып шығады.

"Сонда алаяқ әйел бұл екеуін бастапқы жарна ретінде 600 мың теңгесін төлеп, бір жылға үйге кіргізіп қойған да, қалған ақшасын қолды қылады. Үй алып, мәз болып жүргенде екі жылдан кейін бұларды баспана салушы компания қуып шығады. Сөйтсе, үйдің құны 37 миллион теңге болып шығады. Үйді алған кезде алданғандар мұның бөліп төлеу арқылы сатып алынатын баспана екенін келісімшартта оқымаған. Алаяқ төлеп берген екі жыл бойы оларға ешкім тиіспеген де, осы уақыт өткеннен кейін үй салушы компания бұлардан ай сайын 250 мың теңгедей сома төлеп тұру керек дейді. Алданғандар осы кезде ғана есін жиып, алаяқтың құрбаны болғанын түсінеді. Сөйтіп, Әлімбекова да, оның құрбысы Назарова да, олармен бірге осылайша үйлі болған тағы 35 адам далада қалады", - дейді адвокат.

Осыдан кейін, Зинеловтың айтуынша, зардап шеккендер алаяқты іздеп, сотқа арыз жаза бастайды. Бұл кезде әнші Гауһар Әлімбекова шығармашылық адамы болғандықтан шаруасы көбейіп, арыз жазбай қалған. 

Адвокаттың сөзінше, 2017 жылдың соңына дейін ақшасын әншіден күткен Бақыт Назарова шыдамы таусылып, Гауһар Әлімбекованың үстінен арыз түсірген. Мемлекеттік айыптаушы Әлімбекованы Ордабаевамен бірге алаяқтық жасады деп, яғни жәбірленуші Назарованы Ордабаевамен таныстырды және жолықтырды деп, Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни "Алаяқтық" бойынша айыпты деп тануды, сөйтіп, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда кейінірек алаяқтық ісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған әнші Гауһар Әлімбекова ақталып шыққан болатын.

"Хайп" болды ғой кәдімгідей". Қайрат Түнтеков неге 40 күнге қамалды?

Қайрат Түнтеков. Фото ©Ярослав Радловский

2012 жылы 28 желтоқсанда Қайрат Түнтеков жол апатына ұшыраған болатын. Әнші тізгіндеген Toyota Camry 40 көлігі Toyota Land Cruiser 100 көлігімен соқтығысқан еді. Алматының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі бойынша, ол 40 тәулікке қамалған. Ол сұхбаттарының бірінде осы жайт туралы айтып берген.

"Қазір соны күліп есіме аламын. 40 күн отырдым. Бірақ көтеріп, шулатып жіберді ғой. (...) Ол кезде бір шу көтергілері келді ме... Негізінен, жол апатын жасаған кезде жоғары жақтан қысым болды ғой. Себебі бәлеқорлық жаман болып кетті. Айта алмаймын енді... Сол кезде тапаншаны тақап тұрып "жаз да жаз" деп жаздырып жіберді (қолхат-еск.). "60 мың доллар бересің" деп. Сол кезде қолхат жазып бердім. Кейіннен бір министр осы істі қолға алғанын білдім. Апатқа ұшыраған қыз солардың таныстары ма... Жағдайы жақсы негізі. Ештеңе болған жоқ. Қаншама кешірім сұрап та бардым. Сол кезде полиция қызметкерлері келмей жатып қолхат жаздырып алды. Мені 18 адамды өлтіріп қойған сияқты іздеді ғой. Таңғалдым. "Хайп" болды ғой кәдімгідей. Негізі, өз тіршілігіммен жүрдім. Бірақ бір күні футболдан шыққанымда таныс бір кісі хабарласып, "Қайратжан, қалайсың? Мына жаққа келші" деді. Сол мені "ұстап" берді. Шыққан едім, қолыма кісен салып алып кетті. Ертесіне телеарналарды шақырып қойған, сотқа бардым", - дейді Түнтеков. 

Есірткіге масайғаны үшін...

Алматы Полиция департаменті Анықтау басқармасы көлік жүргізу куәлігінен айырылса да, мас күйінде көлік тізгіндеген музыкалық топ солисі Әліби Мұратқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтаған еді. Тергеу барысында былтыр қыркүйекте Әліби Мұрат мас күйінде көлік жүргізген кезінде ұсталғаны анықталған. Ол сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Алайда биыл 6 тамызда Әліби Мұрат тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеріс кезінде оның есірткіге мас екені анықталған. Ал 28 қыркүйекте Бостандық соты үкімімен Әліби Мұрат ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Сондай-ақ, музыкалық топ солисі жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтіні белгілі болған еді.

Кінәсін ішінара мойындаған. Тұңғышбай Жаманқұлов не үшін сотталды?

Tengrinews.kz

"Феникс" атты қазақстандық фильмге бөлінген қаражатты жымқыру ісі 2017 жылы болды. Сол уақытта түсірілім тобына 69 миллион теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған. Бұл істегі фигуранттардың бірі Қазақстанның Халық әртісі, актер, сценарист әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов болған еді. Ол 1 маусымда сот үкімімен 7 жылға шартты түрде сотталып, алдағы бес жылға жетекші қызметтерге тұру құқығынан айырылды. Рақымшылық заңына байланысты Жаманқұловтың жарты мерзімі қысқарып, танымал актер 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Бұл үкімді Судья Тәкен Шәкіров шығарған еді. Актердің өзі кінәсін ішінара мойындаған еді. Алайда оның жоғалған қаражаттың 5,3 миллион теңгесін қайтарғаны хабарланған. 

Мемлекеттік сыйлықтан айырмауды өтінген. Ерлан Біләлдің ісі

2018 жылғы ақпанда актер Ерлан Біләлдің ісі қызу талқылана бастады. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының директоры қызметін атқарған ол пара алды деп айыпталған еді. Соталды тергеу органының мәліметі бойынша, Біләл "Сезам" қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан Әуезов театрының қабырғасында жаңажылдық қойылымдар қою үшін 1,5 миллион теңге пара алмақ болған. 

Tengrinews.kz 

"Сот Ерлан Біләлді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабы бойынша айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарады", - деген еді судья Қуаныш Әріпов. 

Сондай-ақ, ол мемлекеттік мекемелерде жетекші қызметтерге тұру құқығынан айырылған болатын. Қылмыс үстінде ұсталған актердің өзі кейін сотта кінәсін мойындап, мемлекеттік сыйлықтардан айырмауды өтінген.

Кісі өлтіру дерегі де бар

2017 жылғы ақпанда актер Нұржан Тойлыбаев адам өлтіру ісі бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол "Мәңгі ел", "Зәуре" жобаларына қатысқан, сонымен қатар, "Айман-Шолпан" және "Өгей жүрек" сериалдарына түскен. 

Актерға қатысты оқиға 2016 жылы 10 қыркүйекте Фабричный ауылында болған. Актер досымен бір жобаның аяқталуын жумақшы болып, кәуапханаға кірген. Көрші үстелде бір топ адам отырған, олардың біреуі актерге қайта-қайта тиісіп, "жұлдыз болма, Ди Каприо емессің" деп, екеудің дастарқанына жақындаған. Осы кезде актер кәуапхананың көсеуін алып, оның басынан ұрған. Соққыдан ер адам қайтыс болып, артынша актер төрт ай құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген. Желтоқсанда полиция қызметкерлері оны жалдамалы пәтерден ұстаған. Басында оған "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабы бойынша айып тағылған, содан кейін "Адам өлтіру" бабына ауыстырылған. 

Кейін Тойлыбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова