Балаларға шатасып басқа вакцина салу ісі: прокуратура тергеуді бастады

Балаларға шатасып басқа вакцина салу ісі: прокуратура тергеуді бастады
Фото: Видео кадры

Ақтөбеде 1-сыныпқа баратын 42 оқушыға мантудың орнына туберкулезге қарсы тірі вакцинаны салу ісіне қатысты прокуратура тергеуді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ақтөбедегі мектепте балалардың манту сынамасының орнына вакцина салу дерегі бойынша Ақтөбе қаласының Алматы аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша соталды іс жүргізуді бастады, ол медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті көздейді", - делінген прокуратура хабарламасында. 

Істі облыс прокуроры өз бақылауына алды. 

Еске салайық, Ақтөбеде 1-сыныпқа баратын 42 оқушыға мантудың орнына туберкулезге қарсы тірі вакцинаны салған. Бұл қатені ата-аналар екі апта өткен соң бір-ақ білген. 

Астана телеарнасының мәліметінше, №74 орта мектептің 42 оқушысының жақындары жауапсыз медицина қызметкерлерін жазалауды талап етіп отыр. Ата-аналардың айтуынша, балалардың көбі өздерін жайсыз сезінеді. Екпенің орны қатты ісіп, іріңдеген. Тіпті қолын көтере алмай қалғандары да бар. Балаларға мантудың орнына иыққа салатын тірі вакцина егілгені анықталған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина