Тоқаев цифрлық "Көрінбейтін үкіметке" көшу бағдарламасын жариялады

Тоқаев цифрлық "Көрінбейтін үкіметке" көшу бағдарламасын жариялады
Фото: Tengrinews

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды цифрландырудың жаңа форматы - "Көрінбейтін үкіметке" көшу бағдарламасын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы маңызды басымдықтардың бірі Government to citizens, яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы екенін атап өтті.

"Цифрлық технологиялардың көмегімен азаматтардың күнделікті өмірін барынша жеңілдетуге және бәріне тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге ниеттіміз.

Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың Invisible Government ("Көрінбейтін үкімет") сапалы жаңа форматына көшу қажет. Оның мәні мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде адамға, оның қажеттілігі мен мүддесіне бағытталған. Мемлекет қабылдаған шаралар мен шешімдердің кең ауқымы азаматтарға көрінбейді, олар нақты нәтижені ғана көреді", - деді Тоқаев Digital Bridge халықаралық форумының пленарлық сессиясы кезінде.

Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет тек мемлекеттік қызмет көрсететін органдар арқылы көрсетілмейтінін, елімізде жеке сектормен өзара іс-қимыл жолға қойылғанын атап өтті. Ол соның ішінде Каспий, Халық, BI Group және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформалары арқылы қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.

"Азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, оқу орнын бітіргені туралы дипломы, неке туралы куәлігі және тағы да құжаттардың 15 түрі болуы талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады", - деді Президент.

Айта кетейік, Астанада Digital Bridge 2022 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр. Биылғы форум тақырыбы – "Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде".

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова