Мәселе мынада: Тоқаев реформалардың мәнін түсіндірді

Мәселе мынада: Тоқаев реформалардың мәнін түсіндірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың мағынасын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек. Тағы бір аса маңызды реформа - Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін", - деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы бұл реформа не үшін қажет екенін айта кетті.

"Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр", - деді Президент Түркістандағы кездесуде. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биылғы Президент сайлауы заңға сәйкес, әділ және ашық өтетінін айтты. 

"Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Отанымыздың болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Сондықтан, баршаңызды ел тағдырына бейжай қарамауға шақырамын. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық! Түркі әлемінің бойтұмары - Түркістан көркейе берсін!", - деді Тоқаев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина