Атырау облысында дәрігерлер жалдамалы пәтерден шығу туралы хабарлама алған

Атырау облысында дәрігерлер жалдамалы пәтерден шығу туралы хабарлама алған
Фото: "КТК" телеарнасынан

Атырау облысында 16 дәрігер жалдамалы пәтерден шығу туралы хабарлама алғанын айтып шағымданды, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Медицина қызметкерлері алты жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алған. Енді олардан ресми түрде үй-жайды босату сұралып отыр.

"22 қазанға дейін пәтерді босатуымыз керек. Олар ҚР заңының 107-бабына сілтеме жасап отыр. Бұл заңда тоғыз тармақ бар: бұзақылық, айғайлау, шу немесе үшінші тұлғаларға жалға беру. Бірақ оның бізге еш қатысы жоқ. Мемлекеттік органдар мұндай хабарламаларды негізсіз, дәлелсіз қалай жібереді?", - дейді Жылыой аудандық ауруханасының дәрігері Лаура Ғаниева.

Ашулы дәрігерлер ондай әрекетке бармағандарын айтады. Олардың айтуынша, тұрғындар арасында көпбалалы отбасылар мен жалғыз бала тәрбиелеп отырғандар, зейнет жасына дейінгі дәрігерлер де бар. Олар мұның бәрі жас мамандар үшін жасалып отырғанына сенімді. Хат түскеннен бері жалға алушылардың мазасы қашқан. Әкімдіктегілер тұрғындар дұрыс түсінбей қалғанын, көшіру тәртіпбұзушыларға ғана қауіп төндіретінін түсіндірді.

"Бұл хабарлама мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алғандардың барлығына келген. Адамдар пәтерлерінде тұрып жатыр. Оларды ешкім мәжбүрлемейді. Пәтерлерді мақсатсыз пайдалану дерегі тіркелсе, сот арқылы мәселелерді шешеміз", - деді Жылыой ауданының ТКШ бөлімінің басшысы Еркебұлан Аққысов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова