Апалы-сіңлілі қазақ қыздары егіз белорус жігіттеріне тұрмысқа шықты

Апалы-сіңлілі қазақ қыздары егіз белорус жігіттеріне тұрмысқа шықты
Фото: Видеодан алынған кадр

Минскіде ерекше неке тіркелді. Егіз ағайынды, Беларусь азаматтары туған апалы-сіңлілі қазақ қыздарына үйленді, деп хабарлайды Belta.by.

Жас жұбайлар махаббаттарын Беларусьте тапқанын айтады. Қыздар Беларусь мемлекеттік медицина университетінде оқыған, кейін жұмыс бабы бойынша сол елде қалған. Қыздардың екеуі - Меруерт те, Венера да дәрігер, ал жігіттер ішкі істер органдарында қызмет етеді.

Сергей Меруертті ауруханаға әкесін емдеуге әкелгенде кездестірген. Ал Александр болашақ әйелі Венераны отбасылық мерекелердің бірінде кездестіргенін айтты.

"Бүгін біз үшін маңызды күн. Екеуміз де толқып тұрмыз. Ұлтымыз басқа болса да, еліміз алыс болса да бірімізді-біріміз таптық", - деді Меруерт.  

Сергей мен Александр Алматыға келіп, қыздардың ата-анасынан шаңырақ көтеруге рұқсат сұраған. Апалы-сіңлілердің анасының айтуынша, олар қалыңдықтарды дәстүр бойынша ұзатқан.

"Бізді тағдыр тоғыстырды. Жаңа жылда қосылдық. Қалыңдығым үшін шетелге барып, алып келуге тура келді", - дейді Александр. 

Желі қолданушылар мұндай ерекше некеге сүйсініп, пікір қалдырған. 

"Қызық! Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын! Өте үйлесімді жұптар, бір-біріне жаралған сияқты. Бақыт тілеймін", "Жастарға бақыт тілейміз", "Өмірде бәрі болады екен-ау", "Бақытты болыңдар, бала көп болсын", "Күйеулерін қалай ажыратады екен", "Қазақ қыздары сондай әдемі, жігіттер де қалыспай тұр. Жұптары жазылмасын", - деп жазған пікір білдірушілер. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек