Баланың көзіне ең зиян зат аталды

Баланың көзіне ең зиян зат аталды
Фото: TengriLifestyle

ХХІ ғасырды гаджетсіз елестету мүмкін емес. Былтыр ғана балалар онлайн оқып, телефон, компьютер алдында отыруға мәжбүр болды. IBalaqai гаджеттердің балалар көзіне қалай әсер ететінін айтты. 

IBalaqai YouTube-жобасында нейроофтальмолог Сәуле Шыныбаева балалардың көру қабілетін жақсарту, қашықтан оқыту кезінде визуал гигиена және ата-аналарға қандай белгілерге назар аудару керегі туралы құнды ұсыныстар берді.

Сәуле Шыныбаева баланың ерте кезден гаджетті шамадан тыс пайдалануы денсаулығына қандай зақым келтіретінін айтты. 

"Мен қабылдау жүргіземін, яғни ерте жастан қарттық шағына дейін адамдардың көздерін тексеремін. Көбіне ата-аналар балаларын 7-8 жасында, мектепке аяқ басқанда алып келеді. Олар балалары тақтадан көрмейді деп жатады. Кейін ата-аналардан "балаларыңыз теледидарды тым жақыннан қарай ма, көзін сығырайтып қарай ма" деп сұраймын. Олар "иә" деп жауап береді. Сол кезден бастап ата-аналардың дәрігерге неге жүгінбегенін сұрасам, біз мұны мәселе көрмедік дейді. Олардың ойынша, балалар теледидарды жақыннан қарауы керек екен. Шын мәнінде, адам теледидарды 3 метр алшақ қарауы керек. Оның үстіне, балалар үлкен экраннан қарағаны жақсы, экран кіші болған сайын көзге зақым келеді. Сондықтан көзге зиян нәрсе - ұялы телефон, себебі бала көз бұлшықеттеріне күш салады. Ал олар 7 жасқа дейін қатаймайды, бала үнемі көзіне күш салады", - дейді дәрігер. 

Нейроофтальмолог көзілдірік тағатын балалардың саны күрт өскенін және көздің көру қабілетін жақсарту үшін қандай кеңестерді есте сақтау керегін айтты. 

"Бала туғаннан бастап жылына 4 рет офтальмолог тексеруінен өту керек. Баланың көз алмасы алғашқы 2 жылында қарқынды дамитындықтан, оны уақытылы тексеру маңызды. Көзілдірік таққан балалар санының күрт өсуі олардың жүйке жүйелеріне тиген зақымға байланысты. Мұнымен күресу үшін арнайы кабинеттер бар", - дейді нейроофтальмолог.  

Дәрігер ата-аналарға балалардың көру қабілеті нашарлағанда емес, алдын ала тексерістерінен өтіп, уақытылы қаралып жүруге шақырды. 

Сондай-ақ, көз жақсы көру үшін көзге арналған маска киіп жату маңызды. Себебі көз терісі жұқа болғандықтан, түрлі жарыққа сезгіш келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек