Ауа райына байланысты 9 өңірде ескерту жарияланды

Ауа райына байланысты 9 өңірде ескерту жарияланды

"Қазгидромет" РМК синоптиктері ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар өңірде ескерту жариялады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Қызылорда облысының солтүстігінде найзағай болады. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың орталығында желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Атырау облысында да найзағай күтіледі. Күндіз 36 градус қатты ыстық сақталады. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында күндіз 35 градус қатты ыстық болады.

Ақтөбе облысында жел соғады, найзағай кезінде екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Ақмола облысының солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде найзағай ойнап, күндіз облыстың солтүстік-батысында бұршақ жауады. Түнде және таңертең тұман күтіледі.

Абай облысында күндіз бұршақ жауады. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Семей қаласында күндіз найзағай ойнайды.

Шығыс Қазақстан және Павлодар облысында күндіз бұршақ жауады.  

Солтүстік Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде найзағай күтіледі. Түнде және таңертең облыстың оңтүстік-батысында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Түркістан облысының таулы аудандарында найзағай және дауыл күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Г. Досымшалова