Қазақстанда жаңа мереке пайда болуы мүмкін

Қазақстанда жаңа мереке пайда болуы мүмкін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанда жаңа мереке енгізу туралы қаулы жобасын дайындады. Құжат "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Құжатқа сәйкес, Қазақстанда мереке күндері тізімінде жаңа кәсіби мереке пайда болады. Ол 16 сәуір - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің күні.

Түсіндірме жазбада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) саласының қызметкерлері ел тұрғындарын тәулік бойы жылу, электр, сумен қамтамасыз ететіні, көшелердің тазалығын қадағалап, елдің тұрғын үй қорын басқарып, күтіп-ұстайтыны, сол арқылы тұрғындарға жағдай жасайтыны айтылған.

Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, бұған дейін Кеңес Одағы кезінде ТКШ қызметкерлері күні дәстүрлі түрде шілденің төртінші жексенбісінде атап өтілген. Одақ ыдырағаннан кейін бұл мереке Ресейде, Беларусьте, Украинада және Өзбекстанда сақталған.

Құжат жобасы 2 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Ж. Қадыржанова