"Прокурордың әйелі" кешірім сұрады

"Прокурордың әйелі" кешірім сұрады

Шымкентте күзетшімен жанжал шығарған "прокурордың әйелі" халықтан кешірім сұрап, видео жариялады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Видеоны YouTube-та "ЭКСТРЕННЫЕ ВЕСТИ" арнасы жариялады.

"Мен балаларымды спорт клубқа апарып, көлігімді тұраққа қойғанымда күзетші дөрекі түрде оны алып тастауды сұрады. Мен мұны кейінірек жасайтынымды айтқанымда анамнан боқтай бастады. Мен мекеме бастығына кіріп шағымданамын дегенімде оның жұмыста жоқ екенін айтып, қасымда кәмілетке толмаған балаларым бар екеніне қарамастан, ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Осы кезде мен де ашуланып кешірім сұрауын талап етіп, түрлі сөздер айттым. Болған оқиғадан балаларым қатты қорқып, қызым жылап жіберді", - деді ол болған оқиғаның нұсқасын.

Оразалина балағат сөздер айтқан адамдардан кешірім сұрады. Сондай-ақ, ол күйеуі прокуратурада жұмыс істемейтінін, қатты ашуланғанда күзетшіні қорқыту үшін айтқанын мойындады. Бұл мекемеге еш қатысы жоқтығын айтып, прокуратурадан кешірім сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Желіде "прокурордың әйелі" мен күзетші арасындағы жанжал видеосы тарағаны хабарланған болатын.

Кейін Шымкент полицейлері күзетшімен жанжалдасқан әйел кім екенін анықтады. Ол - 1984 жылы туған жергілікті тұрғын екенін, бұрын Д.-ға тұрмысқа шыққанын, ал ол прокуратура қызметкері емес екенін анықтаған.

Полицейлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша әйелді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдайтынын ескерткен.

Г. Досымшалова