"Көзіме шөп салғанын кешіре алмадым". "КешYou" экс-солисі неге ажырасқанын айтты

"Көзіме шөп салғанын кешіре алмадым". "КешYou" экс-солисі неге ажырасқанын айтты

КешYou-дің экс-әншісі Элизат Берікова күйеуімен не себепті ажырасқанын айтып, жеке өмірінен сыр шертті, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында айтты. 

Әнші жолдасы көзіне шөп салып жүргенін білгенімен, алғашқыда нақты шешімге келе алмағанын айтады. Біраз уақыт өткеннен кейін кешіре алмайтынын біліп, сотқа жүгінген.

"Күйеуінің опасыздығын кешіретін әйелдер бар. Бірақ, мен кешіре алмадым. Мың рет өлгенше өлгенім жақсы", - деп жазды әнші.

Элизат Берікова күйеуі Жәнібекпен 10 жыл бірге болған. Ол сахнада жүрген шақта үйленуді кейінге шегеріп, 7 жыл қыз-жігіт болып кездескен. Ал үш жылдық некеде екі баланы дүниеге әкелген. 

Екі жылда 4 операцияға түсіп қалдым деген Элизат бұл аралықта үшінші сәбиінен айырылып қалғанын растады. 

Одан бөлек, Берікова опасыздыққа баратын еркектердің проблемасы жайлы сыр бөлісті.

"Мәселе, сырт келбетте емес, қыздар. Әйелде де емес. Көзге шөп салған адамның өзіне байланысты. Демек, оның осы мәселеде проблемасы бар", - деп жазды әнші.

Сондай-ақ, бүгінде ол екі ұлына алимент алып отырғанын айтады. Алайда оның мөлшері бір балаға етік әперуге ғана жетеді, деп ашынады әнші. Элизат балаларын жалғыз асырап отырған аналардың жанайқайын жеткізді

"Мен қазір екі балаға 23 мың теңге алимент аламын. Бұл не мазақ? 23 мың теңгеге екі балаға не әпересің? Бұл ақшаға бір балаға қыстық етік алуға болады. Сонда екінші бала жалаңаяқ жүре ме?", - деп ашынды Берікова. 

Өнерден біршама алыстап кеткен Элизат бүгінде сән салонының иесі. Алиментке күні қарап тұрған жоқ. Алайда Элизат елімізде көптеген келіншектердің жұмыс істемейтінін, ал ажырасқан жағдайда нансыз қалатынын айтып күйінді. 

Айта кетейік, Элизат Берікова Баян Алагөзованың "Лашын" және "Кешью" топтарында өнер көрсеткен. Кейінгі кездері актриса ретінде де танылып жүр. Ол толықметрлі картиналарға ғана емес, телехикаяларға да шақыртулар алып отырады.

Г. Досымшалова