Лауазымды тұлғалар балалар шығармашылығына бөлінген қаржыны жымқырмақ болған

Лауазымды тұлғалар балалар шығармашылығына бөлінген қаржыны жымқырмақ болған

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Аrtsport платформасы арқылы балалар шығармашылығын қаржыландыруға бөлінген қаражатты жымқыруды ұйымдастырған бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Мassaget.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығына және ағымдағы жылы өздерінің бақылауындағы фирмаларды қолданып, Аrtsport платформасы арқылы балалар шығармашылығын жан басына қаржыландыруға бөлінген қаражатты ұрлауды ұйымдастырған басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.

Департамент тергеуінде 10 миллион теңге шамасында Аrtsport ақпараттық жүйесі арқылы балалар үйірмелерге қатысқандығы туралы жалған мәліметтерді пайдаланған ұрлаудың екі дерегі бар.

Спорттық мемлекеттік тапсырыс аясында 2022 жылы Шымкент қаласына 2,3 миллиард теңге бөлінген. Бюджет қаражатын иемдену бойынша ұқсас дерегі қосымша тексеріліп жатыр.

Соттың санкциясымен басқарма басшысы қамауға алынды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Г. Досымшалова