Шымкентте алаяқтар зейнеткердің 37 миллион теңгесін алып қойған

Шымкентте алаяқтар зейнеткердің 37 миллион теңгесін алып қойған
Фото: Тұрар Қазанғапов

Шымкентте алаяқтар зейнеткердің 37 миллион теңгесін алып қойған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жергілікті тұрғын алаяқтық дерегі бойынша Шымкент ҚПД тергеу басқармасына арызданған. Ол біреу бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, өзін ҰҚК-нің қызметкері ретінде таныстырғанын айтқан. Сондай-ақ, күдікті қарияның есепшотына белгісіз адамдар кибер шабуыл жасап жатқанын, 20 миллион теңге ақша салып, қайта шешіп алатынын және пәтерін сатып жіберуі мүмкін екенін айтқан. Осылайша, ол екінші деңгейлі банктердің бірінен қосымша шот ашып, сол шотқа барлық ақшаны аударуын сұраған және алаяқты құрықтауға уәде еткен.

Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер тез арада пәтерін сатып, 37 миллион теңгені алаяқтар айтқан қосымша есепшотқа аударған.

Полицейлер бұл жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша тіркеді. Қазір осы іс бойынша Әл-Фараби АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жанынан жедел топ құрылып, күдіктіні іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, қылмыскерді құрықтау мақсатында Ақтөбе мен Алматының полицейлеріне жеке тапсырма берілген.

Ж. Қадыржанова