Қарақалпақстандағы жағдай тұрақтанды - Мирзиеевтің баспасөз қызметі

Қарақалпақстандағы жағдай тұрақтанды - Мирзиеевтің баспасөз қызметі
Фото: Telegram / Makan.uz

Шавкат Мирзиеевтің кешегі үндеуінен кейін Нүкістегі жағдай тұрақталып, қалыпты жағдайға келді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта президент Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан Республикасының Нүкіс қаласында.

Өзбекстан басшысы Қарақалпақстанның барлық ауданы қосылған бейнеселекторлық кеңес өткізгені хабарланды. Аумақ коменданты қазіргі жағдай туралы есеп бере отырып, жағдай толық бақылауға алынғанын атап өтті. 

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Нүкісте өткен кеңесте Қарақалпақстан тұрғындарының наразылығын туғызған түзетулер ел конституциясының 70, 71, 72, 74 және 75-баптарының қолданыстағы редакциясы өзгеріссіз сақталуы керек деп мәлімдеген еді

Өзбекстанның қолданыстағы конституциясында Қарақалпақстан осы республика халқының жалпы референдумы негізінде ел құрамынан шығу құқығына ие егемен республика ретінде көрсетілген. Жақында ел конституциясына түзетулер жобасына сәйкес бұл ережелерді алып тастау ұсынылатыны белгілі болған еді. Қарақалпақстан халқы бұл өзгерістерге наразылық білдірді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

G. Dosymshalova