СҚО-да ер адам балаларының көзінше әйелін, сосын өзін атып тастаған

СҚО-да ер адам балаларының көзінше әйелін, сосын өзін атып тастаған

Солтүстік Қазақстан облысында ерлі-зайыпты арасындағы жанжал қайғылы оқиғамен аяқталды. Күйеуі әйелін атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсаған. Марқұмдардың артында 3 баласы қалды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, оқыс оқиға 27 маусымда Айыртау ауданының Лобаново елді мекенінде таңғы сағат 5.00 шамасында болған. Полицияға түскен шақыртудан кейін мекенжайға жедел жеткен тергеу тобы үйден зорлық-зомбылық белгілері бар екі мәйітті тапқан. Кейін олардың 33 жастағы әйел мен 36 жастағы ер адам екені анықталды.

Жергілікті тұрғындар бұған дейін бұл отбасынан ерсі қылықтар байқамағанын айтады. 36 жастағы отағасының тұрақты жұмысы болмағандықтан шаруашылыққа қараған, балық аулағанды ​​жақсы көрген. Оның 33 жастағы әйелі құрылыста жұмыс істеген. Екеуі 11, 14 және 16 жастағы үш баланы тәрбиелеп отырған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қайғылы оқиғаға қызғаныш себеп болған. 

Қайғылы оқиға жайында полицияға ерлі-зайыптының балалары хабарлаған. Олар жанжал кезінде үйде болған. 

Тәртіп сақшылары 33 және 36 жастағы ерлі зайыптылардың өліміне қатысты тергеуді бастап кетті. Қанды қылмысты облыс прокуроры өз қадағалауына алған.

"Үйден зорлық белгілері бар екі адамның денесі табылды. Қазір "Адам өлтіру" бабына сәйкес іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша күйеуі екеуі өзара жанжалдан кейін әйелін атып тастап, кейін өзіне өзі қол салған. Қазір сот медициналық сараптама тағайындалды", - СҚО Прокуратурасының басқарма прокуроры Әлім Есімов.

Жетім қалған, кәмелет жасына толмаған үш бала Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды.

Г. Досымшалова