Спортшылар Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды!

Спортшылар Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды!

Ермахан Ибраимов


- 2013 жыл - қазақ спорты үшін табысты жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Бокстан өткен Азия біріншілігінде алдымызға жан салмадық. Ең алғаш жастар құрамасы Филиппинде өткен додада 4 алтынмен Азияны бағындырса, соңынан Шымкент қаласында өткен Азия біріншілігінде де жерлестеріміз 7 алтынмен көш бастады. Және ересектеріміз Йорданияда өткен Азия біріншілігінде тағы да топ жарды. Ал жасөспірімдеріміз Киевте өткен Әлем чемпионатында 2 алтын, 1 күміс, 5 қола иеленіп, екінші орынды қанағат тұтты. Бұл дегеніміз - үлкен жетістік. Ал соңғысы - Алматыда өткен Әлем чемпионаты. 4 алтын, 2 күміс, 2 қола еншілеп, әлемді мойындаттық. Бұл жыл - шаршы алаңдағы былғары қолғап шеберлеріміз үшін табысты жыл бола алды. 

Өткен жылға өкінішіміз жоқ. Жақсылап шығарып салуға дайынбыз. Алда 2014 жыл - біздерді жаңа белестер күтіп тұр. Жылқы жылы қазақ үшін берекелі, мерекелі жыл болсын. Барлық қазақстандықтарға айтарым, ең бірінші байлық - денсаулық, денсаулықтарыңыз зор болсын, дастархандарыңыз мол, аспанымыз ашық, жылымыз жайлы болсын! Жаңа жылдарыңызбен!

Ислам Байрамуков

- Әрбір арайлап атқан таңымызды Жаңа жыл деп айтсақ болады. Әрқашан елімізде аманшылық болсын. Бейбітшілік болсын. Еліміз экономикасы дамыған елдердің қатарына қосыла берсін. Халқымыздың әл-ауқаты жоғарылап, бай-бақуатты елге айнала берсін. Спортшыларымыз әлі талай ірі додаларда топ жарып, көк байрағымызды биікте желбіретсе деймін. Олимпиада және Әлем чемпиондары шыға берсін! Басымыз аман, бауырымыз бүтін, жұртымыз тыныш болсын!

Әлия Юсупова


- 2013 жыл көркем гимнастика спорты үшін жақсы өтті. Азия чемпионатында біздің қыздарымыз үшінші орынға ие болды. Бұл жақсы жетістік болып саналады. Қазіргі таңда осы спорт түрінен ел намысын жас спортшыларымыз қорғап келеді. Жасы үлкен спортшыларымыз спортпен қоштасқандықтан, құрамамызды талантты жас буын өкілдері құрап отыр. Осы жылы өздерінің биік белестерді бағындыра алатынына біздің көзімізді жеткізді.

2014 жыл - Жылқы жылы елімізге жайлы өтсін. Бастысы халқымызға тілерім, денсаулықтары мықты болсын. Келер жылдан үлкен үмітпен қараймыз. Жақсылық болсын!

Қайрат Нұрдәулетов

- 2013 жыл - ел спорты үшін де, жеке өмірім үшін табысты, сәтті өтті деп айта аламын. Тек жарақат алып қалғаным болмаса. Енді келер жылы "Астана" командасымен ел премьер-лигасын жеңіп алу - басты мақсатымыз болып отыр. Жарақаттан кейін негізгі сапқа оралуымды күтіп жүрмін.  Елімізге тыныштық, бақыт тілеймін. Жаңа жыл жақсылықтарын сыйласын. Ел спорты жаңа жетістіктердің биігін бағындыра берсін. Ең бастысы - отбасыларыңыз берекелі болып, денсаулықтарыңыз сыр бермей, Жаңа жылдан Жаңа жылға аман-есен жете беріңіздер!

Жәнібек Әлімханұлы


 - 2014 жылдың басында екі халықаралық жарыс бар. Ал жылдың басты додасы бұл – Азия ойындары. Осы аламанда еліміздің Әнұранын биікте шырқатып топ жару – басты мақсатымыз. Жылқы жылы да 2013 жыл секілді сәтті жыл болсын деймін. Қазақ спортына қай уақытта да қолдау білдіретін, білдірген барлық жанкүйерлер қауымына алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, дастарханымыз мол болсын. Денсаулықтарыңыз зор болып, ел спорты майталмандарымен жеңістің қуанышын бөлісіп жүре берейік. Келе жатқан Жаңа  жылдарыңызбен!

Cурет: sports.kz, voxpopuli.kz

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Ө. Сансызбай