Жаңа жылда артық тамақ жеп қоймау үшін...

Жаңа жылда артық тамақ жеп қоймау үшін...

Қазірдің өзінде Жаңа жылды әріптестермен, достармен тойлай бастадық. Мерекелік отырыстар пен түрлі дәмді, тәтті астарға толы дастарханның уақыты келді. Бірнеше күн қатарынан тойлап, Жаңа жыл қарсаңында тым көп тамақ жеп қою – осы мерекенің ең үлкен қорқынышы. Осы кезде асқазанның жағдайын құртып, артық салмақ та жинап аламыз.

Кейбір қарапайым кеңестерді есте сақтап жүрсеңіз, осы кезде мерекелік тағамдардың дәмін татып та көресіз, шамадан тыс көп жеп қоюдан да сақтанасыз.

Мерекелік отырыс болатын күнді жеңіл салат пен шырын таңғы асынан бастаған жөн. Бұл күні суды әдеттегіден көбірек ішіңіз.

Физикалық жаттығуларды да естен шығармаңыз. Әрине бұл күнделікті әдетіңіз болғаны дұрыс, бірақ меркелік кеш болатын күні фитнес залына барып, жаттығуларды көбейткен дұрыс. Осы күні жаяу жүрген де өте пайдалы. 

Мерекелік кеш басталмас бұрын екі стақан таза су ішіп алыңыз. Ал дастарханға отырғанда мүлдем су, шай, шырын ішпеуге тырысыңыз. Кез келген сұйықтық асқазанның сөлін сұйылтып, астың қорытылуы баяулайды. Шөлдеп қалған жағдайда шай мен шырынның орнына қарапайым суды таңдаңыз.

Түрлі астарға толы дастархан басында отырғанда бірден ет пен ауыр тағамдарға бас салмай, бірінші кезекте салат, көкөністерден әзірленген тіскебасардан дәм татыңыз. Бұл асқазаныңызды ауыр тағамға дайындайды. Оливье салаты мен манты сынды дәстүрлі жаңажылдық тағамдарды дұрыс қабылдау үшін асқазанда сілтілік орта қалыптасуы керек. Бұған салат пен көкөністер көмектеседі. 

Түрлі тағамдарды араластырып жеген үлкен қателік. Тағамдардың бір-бірімен үйлесу заңдылықтары жайлы ұмытпаңыз. Мысалға ет, балық сынды тағамдар көкөністермен жақсы үйлеседі. Сонымен қатар ауыр болып табылатын картоп, бұршақ және жарма түрлерін де көкөністермен жеген дұрыс. Құрамында крахмал бар тағамдарды ақуызды тағамдармен бірге жемеңіз.

Негізгі тамақтан кейін бірден жеміс жеу – мерекелік отырыстардағы басты қателік. Ол асқазанды кептіріп, жайсыздық сезімін береді. Жемістерді тамақтан кейін 3-4 сағаттан кейін ғана жеңіз.

Дастархан үстінде отырған қонақтардың арасынан өзіңізге серік тауып, сонымен әңгіме-дүкен құрыңыз. Әңгіме барысында көңіліңіз алаңдап, түрлі тәттілерді көп жей бермейсіз.

Мерекелік дастархан аяқталғанда төсекке барып жатқанның орнына достарыңызбен билеңіз. Сыртқа шығып серуендеп келуге де болады.

Асқазан үшін ауыр күннен кейін демалып, түске дейін ұйықтап, күнімен теледидар алдында жататын әдетіміз бар. Ал мамандар бұл күні көбірек қимылдап, белсенді болуға шақырады. Кешегіден әлі де тойып тұрғандарға таңғы ас ішпеуге кеңес береміз.

Отырыстан кейін келесі күні асқорытуды тездететін түрлі шайларды ішіп көріңіз. Лимон кесегі не шырыны қосылған су да өте пайдалы болады.

Мерекеде денсаулығыңыз бен келбетіңізге зиян тигізбеңіз. Жаңа жыл құтты болсын!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vfridge.ru

С. А