Массагет порталы түзген 2013 жылдың үздік спортшылары мен ұжымдары

Массагет порталы түзген 2013 жылдың үздік спортшылары мен ұжымдары

Құрметті порталымыздың спортсүйер қолданушылары! Бүгін біз сіздерге биылғы жылы ең үлкен табыстарға жетіп, әлемдік спорт ареналарында еліміздің атын танытуға толағай үлес қосқан спортшылар мен ұжымдарға шолу жасап, олар жеткен жетістіктерді тағы бір рет қайта тізіп шықпақшымыз. Массагет порталы үздіктер арасынан тек 3 спортшы мен 2 ұжымды ғана таңдап алып отыр. Сонымен таныс болыңыздар...

1. Геннадий Геннадийұлы Головкин (GGG)

1

Қарағандылық талантты боксшымыз кәсіпқой рингке ауыспастан бұрын әуесқойлық спорт мансабында да еліміздің көк байрағын талай рет халықаралық жарыстарда желбіретіп, әнұранымызды шарықтатты.

Ол 2000 жылы жастар арасындағы әлем чемпионы атанса, 2001 жылы Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы болды. 2002 жылы Пусандағы Азия ойындарында чемпион атанса, 2003 жылы Тайландта әлем чемпионы атағын қанжығасына байлады. 2004 жылы Филиппинде Азия біріншілігінде топ жарды. Ал 2004 жылы Афиныдағы Олимпиада ойындарында Гена финалдық кездесуде ғана ресейлік қарсыласына жол беріп, күміс медальды місе тұтты. Осыдан кейін Головкиннің кәсіпқой рингтегі жаңа жолы басталды. 2006 жылы әлемдік боксшылардың қатарына қосылған ол алғашқы 8 қарсыласын уақытынан бұрын ұтып, WBA (Бүкіләлемдік Бокс Қауымдастығы) және IBO (Халықаралық Бокс Ұйымы) тұжырымдары бойынша вакантты белбеулерін қанжығасына байлады. Және де ол сол жылдары олжалаған жүлделерін әлі күнге дейін қорғап келеді.

Енді боксшының 2013 жылы әлем чемпионы атағын қорғау үшін өткізген 4 бірдей кездесуіне қысқаша шолу жасап көрейік.

19 қаңтар 2013 жыл. Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешеніндегі Габриэль Росадоға қарсы өткізген кездесу. WBA (6-шы мәрте қорғауы) және IBO (3-ші мәрте қорғауы) тұжырымдары үшін өткен жекпе-жекте GGG қарсыласын 7-ші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді.

30 наурыз 2013 жыл. Монаконың Монте-Карло ауданындағы Chapiteau de Fontvieille кешеніндегі Нобухиро Ишидаға қарсы өткізген кездесу. WBA (7-ші мәрте қорғауы) және IBO (4-ші мәрте қорғауы) тұжырымдары үшін өткен жекпе-жекте Головкин жапондық қарсыласын 3 раундта ауыр нокаутқа жіберіп, кездесуді уақытынан бұрын аяқтады.

29 маусым 2013 жыл. Коннектикут штатындағы Foxwoods Resort Casino ойын-сауық орталығында ирландиялық Мэттью Макклинге қарсы өткізген кездесу. WBA (8-ші мәрте қорғауы) және IBO (5-ші мәрте қорғауы) тұжырымдары үшін өткен жекпе-жекте Гена қарсыласын 3-ші раундта ауыр нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атағын кезекті мәрте қорғап қалды.

2 қараша 2013 жыл. Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешеніндегі жергілікті боксшы Кертис Стивенске қарсы өткізген кездесу. WBA (9-шы мәрте қорғауы) және IBO (6-ші мәрте қорғауы) тұжырымдары үшін өткен жекпе-жекте жерлесіміз қарсыласын екінші раундта нокдаунға жіберсе де, Кертис аяғынан тік тұрып, сегізінші раунд аяқталғанға дейін қарсылық көрсете алды. Алайда осы раундтан кейін оның бапкерлері жекпе-жекті тоқтатуға шешім шығарып, нәтижесінде Геннадий Головкин өз атақтарын тағы да сәтті қорғап шықты.

Осындай толағай жеңістерінің нәтижесінде Головкин батыстық бокс порталдары мен журналдары түзген әртүрлі рейтингтері бойынша алдыңғы қатардан көрініп жатты. Генаның алдағы жылқы жылынан да күтетіні көп. Ол 2014 жылы да биылғы жылдағыдай төрт кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Олардың алғашқысы 1 ақпан күні Монте-Карлода өтеді. Қарсыласы - ганалық Осуману Адама.

2. Денис Кузин

2

Қостанайлық конькимен жүгіруші Денис Кузин биыл айды аспанға шығарды. Олай дейтініміз, ол 2013 жылы Сочиде өткен әлем чемпионатында 1000 метр қашықтыққа жүгіруден жеңімпаз атанып, Қазақстан спортшылары бұрын-соңды жетпеген белесті бағындырды. Денистен бұл жеңісті ешкім де, оның ішінде спортшының өзі де күтпеген еді. Осылайша жас спортшы Сочи айдынында жарқылдап, келер жылы дәл осы жерде жалауын көтеретін Олимпиада ойындарында жүлдеге таласа алатындығын дәлелдеп берді.

Одан бөлек, Денис Кузиннің 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Қысқы Азия ойындарының жеңімпазы  деген атағы да бар

3. Денис Тен

3

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де биыл ел тарихында болмаған нәтижені тіркеді. Ол 2013 жылы Канаданың Лондонында өткен әлем чемпионатында күміс медаль олжалап, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында жүлдегер атанған бірінші спортшы атанды. Сондай-ақ ол 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының чемпионы.

Денис Тен ISU аясында өткен жарыстарда жүлдеге іліккен алғашқы қазақ спортшысы да болып отыр (2008-2009 жыл маусымында Беларусьте өткен Гран-при жарысында алтын).

Тен 2010 жылы Канадада өткен Қысқы Олимпида ойындарына қатысып, сол кезде жарысқа қатысушылардың арасында ең жас мәнерлеп сырғанаушы атанған еді.

Өзінің 20 жасында-ақ осындай үлкен жеңіске жетіп үлгергеніне қарамастан, Тен алдағы жылы Сочиде өтетін Олимпиадада ең жоғары нәтижеге жетуді алдына басты мақсат етіп қойып отыр. Біз де оның Сочи Олимпиадасында биіктен көрінуіне тілек білдіреміз.  

4. «Шахтер» (Қарағанды) футбол клубы

3

Футболдан Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы, «Шахтер» клубы биыл еліміздің футбол тарихында болмаған жетістікке жетті. Дәлірек айтсақ, қарағандылық ұжым Чемпиондар Лигасының топтық сынына жолдама беретін ақтық сынға дейін жетіп, тіпті оның алғашқы кездесуінде шотландиялық «Селтикті» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Алайда қарымта болған ойында Кумыков баптайтын футболшылар қарсыластарына есе жіберіп, топтық сынның жолдамасын «Селтикке» ұстатты. Десек те, осындай жетістігінің арқасында қазақстандық клуб тұңғыш рет Еуропа Лигасының топтық матчтарында өнер көрсетіп, еліміздің футболы тарихында өз қолтаңбасын қалдырды.

Келер жылы да «Шахтер» футбол клубы биыл жасаған ерліктерін қайталап, тіпті бағындыра алмаған ЧЛ топтық кезеңіне де жолдама алу мақсатын алдарына қойып отыр.

5. Бокстан Қазақстан құрамасы

1

Биыл еліміздің оңтүстік астанасында өткен бокстан ересектер арасындағы AIBA әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ұтып алған медаль саны бойынша жеке дара топ бастап, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы қарсылас шақ келтірмей, өз салмақтарында чемпиона атанса, Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко күмісті місе тұтты.

Осылайша бокстан Қазақстан құрамасы елімізде тұңғыш рет өткен байрақты бәсекеде сәтті өнер көрсетіп, жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Ал біз жігіттердің алдағы жылы да осы жеңістерін қайталайды деп сенім білдіреміз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sports.kz, vk.com

Б. Қосмағамбет