Студенттер Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды

Студенттер Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды

Сіздердің назарларыңызға Жаңа жыл мерекесіне орай еліміздің ЖОО студенттерінің ыстық ықыласын, лебізін ұсынамыз. Арасында шет елде білім алып жатқан студенттеріміз де бар.

Айбол Исламғалиев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті:

– Босағамызды аттағалы тұрған Жаңа жыл елiмiз үшiн елеулі жетiстiктер, толағай табыстар hәм жарқын жеңістерге толы болғай! Әлемдік аренада сөзi өтiп, билiгi жүретін алпауыт державалардың арасында ойып тұрып орын тепкен, жетекші мемлекеттердің қатарына қосылуды жазсын! Қоғамымыз ескiлiк қалдықтарынан арылып, советтiк "синдромды" сылтау қылмай, жаңашыл көзқарастар мен тың идеялардың ошағы болуға дайын болса екен деген де iзгi ниет бар. "Девальвация", "инфляция", "кризис" деген қорқынышты hәм құлаққа түрпiдей естiлетiн ұғымдардың түйіршіктерi де болмасын елiмiзде! Ал XXI ғасырдың 3-шi онжылдығының өзiм қатарлы жастарынан жаңа Қазақстан, жаңа мемлекет жасауда үлкен талпыныстар мен "Ұлы" қадамдар күтемін! Күтiңiздер!

 

Жандарбек Жұманов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті:

– Тарихы тереңде жатқан, өткен күннің өткелінен өте білген, көк туы көк аспанмен таласып, биікте көтерілген, айбынды Алаш жұрты, сіздерді өтіп кеткен басты мерекеміз - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Желтоқсан келсе - Жаңа жылдың жақындағаны» деген ұғым санамызға сіңіп кеткені хақ... Мейлі, біз үшін осы мейрам - наурызда болсын, мейлі қаңтарда, мейлі басқа айда... бірақ мынаны ұмытпағанымыз жөн болар: «Жаңа жыл» деген мереке бар! Осыны ескеріп, барлықтарыңызға алдағы уақытта кіріп келетін Жаңа жыл - отбасыларыңызға береке, бақыт, ынтымақ, табыс алып келсін! 2013 жылда орындалмаған арман-мақсаттарыңыз 2014 жылда орындалуына тілектеспін!

Фариза Калимурзина, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті:

– Мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің студентімін. Бірнеше ай бұрын Стамбұл қаласына білім алу мақсатында ауысып келдім. Бұл жерде білім жүйесі мен оқыту үдерісі өзгеше, көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинақтаудамын. Сырлы Стамбұл сұсты сұлулығымен баурады, тарихи көркем қала, түрік мәдениеті – барлығы керемет. Алайда, туған елім Қазақстанымды осы аз уақыт ішінде сағынып та үлгердім, Алматым, Оралым бар... Біз, Түркиядағы қазақ студенттері, әдеттегідей, күн санап, Жаңа жыл мерекесін асыға күтудеміз. Ал мында мерекенің «көңіл-күйі» анық білінбейді, адамдардың жеңіл киініп қолдарына қолшатыр алып жүруінен бе, көшелерде әдемі шыршалардың безендірілмеуінен бе, жоқ әлде, мүлдем қардың жоқтығынан ба... Әйтеуір, барлығы қаз қалпында. Сұрастырып көрсек, демалысқа 1 күн беріліп, жыл басына көп мән берілмейді де екен. Солай болса да, мен Жаңа жыл қарсаңында жүрегіммен ата-анамның қасында, өз туған елімдемін! Алдымызда келе жатқан Жаңа 2014 жылмен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Келер жыл Сіздерге қуаныш, жаңа ұмытылмас әсерлер мен үкілі үміттер сыйласын! Жылқы жылы бар арман-қиялдарыңыз бен тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін! Сәтсіздіктер өткеннің еншісінде қалып, өкпе-реніштер ұмытылып, достық пен сүйіспеншілік дәуіріне жол ашылғай. Барлық бастамалардың бағы жанып, сүйікті ісіңіз қанағат әкелсін, жаңа білімдерге, жаңаша тәжірибеге, биік кәсіптік белестер мен асқар асуларға жетелесін!

Әсемгүл Жұмажанова, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті:

– Мен Жапонияның Токио қаласындағы Хоккайдо Ұлттық университетінде оқып жатырмын. Академиялық мобильділік бағдарламасымен ауысып келгеніме бірнеше ай болды. Токио қаласында Жаңа жылға дайындық біртіндеп басталып кетті. Туған елдің қадірін алыс кеткенде біледі екенсің. Осы Жаңа жылды өзге елде, мүлде танымайтын адамдармен қарсы алғалы тұрмын. Елдегі ата-анама, ағайын-туысқа, достарыма сағынышты сәлем жолдаймын. Барша Қазақ жұртына Жаңа жылда ізгі, жақсы тілектер тілеймін. Келер жыл жақсылығымен, толағай табысымен, мол қуанышымен келсін. Өткенге салауат деген елміз. Кеткен есеміз бен жіберген кемшілігімізді түзеп, жаңа белестер жолында күш-жігерімізді аямайық. Еліміздің еңсесі биік болсын. Әрбір жас – қазақ ұлтының абыройының айнасы. Ендеше, білімді, саналы һәм жігерлі жастарымыз көп болсын. Жақсылыққа, қуанышқа құмар көңіліміз келер жылдан тек жағымды жаңалық күтеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаңа жылыңмен, Қазақ елі!

Бибігүл Тілеболдинова, Сүлеймен Демирел университетінің студенті:

– Барша қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Шаңырақтарына бақ-береке, мол ырыс-дәулет әкелсін! Ертегіге елітер осы ғажайып кезеңде барлық асыл армандарыңыз орындалсын! Жаңа жыл түні өзінің сиқырлы әсерімен Сізді қуанышқа бөлеп, алдағы жылыңызға ғажайып сәттер, жаңа мүмкіндіктер сыйласын! Сіздер үшін зор жетістіктерге қол жететін, ой-мақсаттарыңыз жүзеге асатын, арман-үміттер ақталатын жыл болсын. Баршаңызға зор денсаулық, молшылық пен бақыт тілеймін. Жылқы жылы тың шығармашылық ойлар, биік кәсіби жетістіктер, оң өзгерістер, жарқын кездесулер, қуанышты оқиғалар мен тамаша бастамалар жылы болсын! Ескі жылдың қайғы-мұңын, өкпе–наздың барлығын артқа тастап, кіріп келе жатқан Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы алайық! Келер жыл Сіздерге қуаныш, жаңа ұмытылмас әсерлер мен үкілі үміттер сыйласын! Ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін! Баршамыз Жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін күтеміз. Келер Жаңа жыл Сіздің барлық істеріңіз бен бастамаларыңызға жол ашып, мол табыстар ала келсін, жетістіктерге толы болсын. Жаңа жылда ырыстарың көп болып, табыстан табысқа жете беріңіздер!

Дәурен Жарасов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті:

– Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Барша қазақ халқын осынау қуанышымен құттықтаймын. Ескі жыл елеуі оқиғалармен, қызықты сәттерімен есте қалды. Спорттың өзінде Геннадий Головкиннің жеңісті жолы, қарағандылық "Шахтердің" үлкен сыйы, боксшыларымыздың Әлем чемпионатындағы жетістігі, бәрі-бәрі біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы жыл да Алаш жұрты үшін абыройлы болсын. Әлем алдында саяси, экономикалық қуатымыз артып, спорттық жетістіктеріміз еселене түссін. Біз, қазақ елінің жастары жаңа өзгерістер, батыл қадамдар жасалғанын қалаймыз. Жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы ұлт болашағы үшін маңызды. Алдымыздағы жыл Жылқы жылы екен. Жылқы малының қазақ үшін қаншалықты құрметті, қастерлі екенін жақсы белесіздер. Олай болса біз үшін жемісті де жеңісті, шаттыққа толы, берекелі, мерекелі жыл болады деп үміттенемін. Жаңа жыл жаңа бақыт, жаңа қуаныш алып келсін. Жаңа жылыңмен, Қазақия!

Рауан Қайдаров, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті:

Жаңа жыл бастауы деп ырыс-құттың,

Келер күннен керемет кіріс күттім.

Жығылмасын байрағы туыстықтықтың,

Бұзылмасын қаймағы тыныштықтың.

Тектіліктің қадірін терең білсін.

Тексіздерге бұйырған бедел құрсын.

Жылқы мінез қазағым ал, ендеше,

Жылқы жылы бақытқа кенелдірсін.

Көп қиналдық қарасаң рас ойланып.

Ал, бүгін азаттық деп масайрадық.

Емін-еркін жүргейсің енді қазақ,

Бақшасында бақыттың бас айналып.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Ш. Талап