Жаңа жылға сыйлық

Жаңа жылға сыйлық

Жаңа жылға сыйлық таңдауда күмәнданып жүрсеңіз, жұлдызжорамалымен қатар жүретін сандар жайлы ғылым – нумерологияға жүгініңіз. Нумерология адам өміріне қатысты қандай да бір сандардың сырын ашып, қажет кісі жайлы көп нәрсе айта алады. Сыйлықты да адамға байланысты сандарға қарап таңдауға болады, әрі бұл "Не сыйлаймын?" деген бас қатырарлық сұрақты шешудің оңай жолы.

Біріншіден, сыйлық беретін адамның туған күнін біліп алыңыз. Ондағы сандардың барлығын қосып, бір санға дейін келтіріңіз. Мысалға: 16.03.1991. 1+6+0+3+1+9+9+1=30; 3+0=3.

Енді соңғы пайда болған санға қатысты сипаттаманы оқып, сүйіктіңізге, жақыныңызға, анаңызға, әкеңізге, достарыңызға, құрбыңызға, әріптестеріңізге сай келетін, көңілдерінен шығатын керемет сыйлық ала аласыз.

1

Мұндай адамға тұрмыста қажет болып қалатын, пайдалы сыйлық алған жөн. Алайда сыйлықтың қымбат, әрі көрнекті болғаны дұрыс. Сапалы сөмке, теледидар, қымбат көрінетін қаламсап, әшекей бұйымдар. Соңғысы топаз не кәріптас (янтарь) асыл тастарымен болғаны дұрыс. Сыйлығыңыз пайдалы, сапалы және қымбаттау болсын.

2


Бұл кісіге тренинг, семинар, командалық шараларға сертификат, романтикалық кешкі асқа, театрға, қаладағы қандай да бір мәдени шараға билеттер сыйлап көріңіз. Сонымен қатар бұл жан өз қолыңызбен жасаған сыйлықты да үлкен қуанышпен қарсы алады. Мұндай адамға қарым-қатынас пен көңіл маңызды, олар жақсы ниетпен сыйлаған кез келген сыйлыққа мәз болады. Ал аруларға әшекей бұйым сыйлауға ниеттенсеңіз, тастар ретінде маржан, ай тасы немесе жолбарыс көзін (тигровый глаз) сыйлаңыз.

3


"Үштіктер" көпшіліктің назарында болғанды ұнатады, сол себепті өзінің сыртқы келбетіне көп көңіл аударады. Мұндайларға сұлулық салонына, спа-салонына абонемент, косметика құралдарын, әдемі аксессуарлар сыйлаған дұрыс. Аруларға аметист тасы бар әшекей бұйым сыйлауға болады.

4


Бұл санның "өкілдері" пайдалы, жұмысына қатысы бар сыйлықтарды қуана-қуана алады. Сонымен қатар үйде, шаруашылықта да пайдалы сыйлықтар оларға жат емес. Мысалға ас үйге қажет құрал немесе кішкентай үстел шамы олар үшін таптырмас сыйлық болады. Ал егер бұл кісіге әшекей бұйым сыйласаңыз, сапфир көзді сырға немесе сақина таңдаңыз.

5


Нумерология бойынша 5 саны түскен адамдар саяхат сүйгіш болады. Оларға қымбат саяхат сыйлай алмасаңыз да, кішігірім экскурсия, қала маңындағы жерлерге бір күндік саяхатқа жолдама сыйлаңыз. Сондай-ақ саяхатқа, белсенді демалуға қатысты тауарлар да бұл адамды қуантады. Бұл көңілді жандар түрлі кешкі отырыстар мен жиындарды да жақсы көреді. Егер таңдауыңыз әшекей бұйым болса, бұл жанның көңілі тек гауһар тастан шығатындығын біліңіз.

6


Бұл жандар – жоғары талғам иесі. Олар қабырғаға ілуге болатын сурет, ерекше кітап, үй интерьеріне арналған ұсақ-түйектер, әсіресе ескі заттарды қалайды. Жігіттерге үй шаруашылығына қажет құрал-саймандар сыйлауға болады. Ал әшекей бұйым таңдасаңыз, бирюза мен изумруд атты жасыл тастарға көңіл бөліңіз.

7


7 саны түскен жандардың интуиция, яғни ішкі түйсігі дамыған. Олар түрлі ойларға беріліп, философияға салынады. Мұндай жандарға не өте қымбат, не өте ерекше сыйлықтар сыйлаған дұрыс. Кітап – 7-ліктер үшін мінсіз сыйлық. Олар сапалы киім, түрлі тренингтерге сертификаттарды да қуана алады.

8


Мұндай кісілер сыйлықта оның іші емес, сыртқы орамасын басты санайды. Демек оған арналған сыйлығыңыздың орамасы мінсіз болуы керек. 8-діктің көңілінен шығатын сыйлық табу да оңай емес. Шынын айтсақ, бұл адамды дүкенге бірге ертіп, өзі таңдаған сыйлығын алып беру әлдеқайда жеңіл. Олар иіссуларға құмар, сағат, фотоаппарат сынды техниканы да қалайды. Рубин, сапфир тастарымен безендірілген әшекей бұйымдар оларға өте жарасады.

9


Бұл жандар стилі дамыған нағыз романтиктер. Сәнді, заманауи сыйлықтарға құмар. Әдетте 9-дықтардың сүйікті бренді, стилі болады. Сыйлығыңызды соған қарай таңдай аласыз. Олар романтикалық сыйлықтарды да қуана алады. Мысалға арнайы сол адам үшін өзіңіз салған сурет, жасаған фото коллаж оның жүрегін елжіретеді. Әшекей алсаңыз, рубин тасымен безендірілген түрлеріне көңіл бөлген жөн.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: freefever.com, movingvan.ru, opt-centr.ru

С. А