Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте пікір қалдыру мен блог жазу ережесі өзгерді
Массагетте пікір қалдыру мен блог жазу ережесі өзгерді

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Арнайы жобалар / Жаңа жыл 2014 / Жаңа жыл кешіне арналған сценарий

Жаңа жыл кешіне арналған сценарий

Жаңа жыл кешіне арналған сценарий

Жаңа жылды жұртшылық асыға күтеді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, атаулы мереке алдында бәріміз үлкен дайындық жасайтынымыз анық. Бәріміздің асыға күтетін, сүйіп қарсы алатын бірден-бір мерекеміздің көңілді де қызықты өткеніне не жетсін? Ендеше бүгін біз сіздердің назарларыңызға мектептегі 8-11 сыныптар арасында ұйымдастырылатын Жаңа жыл кешіне арналған сценарий ұсынамыз. Ал сіздер керемет кешті еске алып қарайтын естеліктер сыйлайтын фотографтар мен бейнекамераға түсіретін мамандарды іздестіре беріңіздер!

Музыка: Сахнаға 2 жүргізуші шығады. (Жүргізушілердің суырып салу қабілеті болғаны дұрыс)

Жігіт:  Тарихтағы түріктің, киелі көк бөрінің, асыл текті Алаштың ұрпағы, Ассалаумағалейкум!

Қыз: Армысыздар, бармысыздар, замандастар, бауырлар, ұлағатты ұстаздар мен шабытты шәкірттер!

Жігіт: Аппақ бүгін қыр, далам,
Ақ мақтаны жапқандай!
Бүкіл әлем – бір ғалам,
Қонақ күтіп жатқандай.
 

Қыз: Көңілде көп қуаныш,
Әр көңілде - әр қылық.
Кетер жылға мың алғыс,
Әкелген көп жақсылық.

Жігіт: Құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! Келе жатқан Жылқы жылы мерекесімен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймыз. Жаңа жыл тек қана бақыт, қуаныш әкелсін дей отырып, бүгінгі көңілді кешімізді ашу үшін мектеп директоры ... ортаға шақырамыз! (7 минут)

Қыз: Білінбейді жас жүрекке түнгі ызғар,

Сыйлар шабыт ақындарға гүл қыздар.

Әнші ұлың ән салғанда беу шіркін,

Жымыңдайды аспандағы жұлдыздар! – деп кезекті әсем әнге берсек. .... орындауындағы ... (Жаңа жыл тақырыбында) әні. Қарсы алыңыздар!

Ән орындалады (4 минут)

Жігіт: Уа, халайық жараңдар,
Айналаға қараңдар!
Жаңа жылдың бұл тойын,
Салтанатқа санаңдар
Қызық көріп, шат болып,
Шаттық күліп тараңдар,
Уа, халайық құрметті,
Көмейіме жыр кеп тұр
Жаңа жылды қарсы алып,
Өткізейік дүрмекті.
Уа, халайық той бүгін,
Бақыт, шаттық мол бүгін.

Қарсы алайық Жылқы жылын

Ұзатып сап Жыланды!

Қыз: Жылқы – қазақ даласының екінші есімі. Қазақ ұғымында қазақ, дала және жылқы деген сөздер бір-біріне етене жақын тамырлас та, тағдырлас айтылады. Жылқының қазақ тарихында алатын орны ерекше. Шетсіз – шексіз далада адам жаяу ұзақ жүре алмайды, ал астында аты бар адам қашқанда құтылып, қуса жетіп тіршілік етеді. Сол себепті қазақтың «Жылқы – ер қанаты» деген сөзі жылқының адам өміріндегі орнын көрсетеді. 

Жігіт: Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні соншалық, «қазақ жылқы мінезді» деп өзінің мінез-құлық, бітім – болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет, әрі бұл қазақтың осы түлікке деген аса жоғары құрметінің белгісі.

Қыз: Ұшып жүру үшін де
Жаралған бұл мүсін бе?!
Сезімталы осы мал
Төрт түліктің ішінде.

Сақтаған ғой ол бұрын
Батырлардың ғұмырын.
Жер түбінен естиді
Жау мен жылқы дүбірін. 

Қайран жылқы!
Бұл әлі -
Қасиеттің бұлағы.
Тұяғымен естиді,
Естімесе құлағы! 

Жігіт: Оларға да керегі
Жылы лебіз дер едім.
Кім бар, кім жоқ артында
Бұрылмай-ақ көреді. 

Керек сенің еліңе,
Құлын байла желіге.
Кірпияз да талғампаз
Суың менен жеміңе. 

Тұлпар болар бір құлын
Неге татыр
Біл құнын!
Үлкен жүрек жоқ малда
Жүрегіндей жылқының!

Ән: "Жаңа Жыл"

Жігіт: Біздің биылғы жаңа жылымыз жылдағыдан ерекше, себебі Жылан жылы еліміз талай белестерді бағындырды. Сонымен қатар алтын ұя мектебіміз де өз тарихындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. (2013 жылғы мектептің жетістіктері баяндалады) (8 минут)

Қыз: Әр сыныптан бір-бір оқушыдан ортаға шақырып, Жаңа жылымыздың сәнін келтіретін Аяз ата мен Ақшақарды іздеп, тауып алып келуге жұмасасақ қалай қарайсыздар? Аяз ата мен Ақшақар қайда мерекелеп жүргенін білмейміз, сіздер осы хатты оларға апарып беріп, кешіміздің басты қонақтарын бірге алып келесіздер деген үміттемін. Уақытымыз шектеулі, сіздерге 15 минут уақыт беріледі. (Оқушыларды шығарып жібереміз). Ал жолдарыңыз болсын, іске сәт, достар. 

Жігіт: Ендеше барлықтарыңызды мерекелік кештің керемет би алаңына шақырамыз!

Жалпы би (10 минут)

Жігіт: Рақмет, достар. Орындарыңызға жайғасыңыздар. Біздің достарымыздың межелеген уақыты да таяп қалды, ал біздің барлаушыларымыз қайда екен? (Іздеп кеткен оқушылар келеді. Біреуі айқайлап айтады)
Қыз: Міне, міне, мен жақсы хабар естіген сияқтымын. Сіздер ше? 
(Тапқан баланың сөзі: Мен таптым! Мен таптым! Біздің кешіміздің құрметті қонақтарын алып келе жатырмын!)
Жігіт: Мінекей, біздің көптен күткен қонақтарымыз да келеді. Олай болса, орнымыздан тұрып, қонақтарымызды қошеметпен қарсы алайық.
Қыз: Бәріміз бірге «Аяз ата, Ақшақар» деп оларды ортамызға шақырайық. (Аяз Ата мен Ақшақар кіреді)

Аяз ата: Амансыңдар ма, балаларым! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Дендеріңіз сау болып, сабақтарыңызды тек қана 4-пен 5-ке оқыңыздар! Біз сіздердің жіберген хаттарыңызды алып, естіген бойда жолға шығып, сіздерге де келіп қалдық.
Ақшақар: Сәлеметсіздер ме, балалар! Орманды көктей өтіп жеттік-ау сендерге! Қандай әдемі, неткен сұлу шырша! Өздерің де жайнап құлпырып отырсыңдар.
Аяз ата: Біз сіздерге жеткенше біраз шаршап та қалдық. Енді бізге қай төрден орын табылады екен?
(Шырша жанына орналасқан арнайы үстелге отырып, мерекелік шыршаны күтпеген сәтте жағады).

Жігіт: Қош келдіңіз Аяз Ата,
Қарсы аламыз орын беріп.
Ән салыңыз бізбен бірге,
Би билеңіз бізге еріп.

Қыз: Ортамыз нұрға толып, 
Төрт құбыламыз түгел болды.

Жігіт: Аяз ата, Ақшақар достарымыздың сіздерге арнап дайындаған өнерлерін тамашалаңыздар. Ендеше келесі кезекті әр сыныптың әзірлеп отырған ерекше нөмірлі мерекелік кештегі қойылымдарына берейік.

Қыз: Олай болса, кешіміз одан әрі жалғасын табады. Ортаға 8 сыныптың жас таланттарын шақырамыз!

Жігіт: Биіктерге құлаш сермейді,

Шарықтап көкке өрлейді.

Өтсе де қанша ғасырлар,

Халық мұрасы өлмейді. Кешегі сайын дала төсінде қырандай самғап, еркіндікте өмір сүрген бабалар мирасы - халық биі Қара жорға қарсы алыңыздар!

"Қара жорға" биі (Барлық сыныптар қосыла)

Жігіт: Құлақтан кіріп, бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй,

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең менше сүй, - деп Алаш жұртына есімі мәшһүр болған ғасырлар тоғысындағы ұлы тұлға Абай атамыз айтқандай, әнді Абайша сүйіп бүгінде үлкен сахналарда өз өнерін халқына паш етіп жүрген 9 сынып оқушысы ... микрофон ұсынамыз!

Ән: Мерекелік ән орындалады

Қыз: Ақынбыз асау - біз деген,

Өмірден сәуле іздеген.

Қызыл көйлек кигенім,

Қызылға құмар қыз деген, - деп ақындықтың биігіне ұмтылып қара өлеңнің қадірін жастайынан біліп өскен кешегі өткен ұлылардың ұрпағы, асылдың сынықтарының қаламынан туған жырын жалғастырар 10 сынып оқушыларының өз арнау жыр-шумақтарына кезек берейік!

Өлеңдер оқылады

Жігіт: Сыр қалмасын көңілде ақтарылмай,

Бақытын өз елінде тапқан ұдай.

Тай құлындай жарысып бірге өскен,

Балауса балалықтың шақтарындай, - демекші мектеп өмірінен театрландырылған қойылым! (11 сынып, "Менің мектебім")

Жігіт: Көңілді кешімізді әрі қарай қызықты ойындармен жалғастырайық. Сізге салфеткадан қар суреттерін қию керек, кім бірінші сол жеңімпаз. Ойыншыларымызды ортаға шақырамыз, 1 минут уақыт беріледі. Тез және әдемі қар суретін қиған ойыншыға сыйлық беріледі.

(Аяз Ата өз сыйлығын береді)

Жігіт: Ал, халайық, тұрмайық 
Әндетейік, жырлайық 
Ортамызды ашайық 
Ырыс тілеп бұл жылға 
Жырдан шашу шашайық!
Ән орындалады

Қыз: Ал енді кезекті келесі ойынға береміз. Бұл ойын «Тосын сый» деп аталады. Мына тұрған шарлардың ішінде құпия тапсырма жатыр. Сіздер құраған жұп бұл шарлардың біреуін таңдап, қолдың көмегінсіз шарды жаруыңыз керек, және де аяқ киіммен де басуға болмайды. Айланы өздеріңіз ойлап табасыз. Шарды жарып болған соң, қағаздағы тапсырманы орындайсыз. Егер орындамасаңыз сыйлықтан құр қалдыңыз деп есептей беріңіз.

Жігіт: Ал енді ойынды бастайық. Сұрақтарды оқиық.
Ойын шарттары: 1. Лимонның жартысын қантсыз жеу керек. 
2. Осы отырған оқушылардың арасынан қыз/жігіттің біреуін таңдап, жылы сөздер айту керек.
3. 7,8,9 санының көбейту кестесін айтыңыз.
4. Қоянның қимылын келтіріңіз.
(Ойын біткен соң)
Қыз: Мына сандықта әртүрлі сөздер бар. Сіздер сол сөздерді алып рет-ретімен ән айтасыздар және би билейсіздер. Соңында көрерменнің үлкен қошеметіне ие болған адам жеңімпаз атанады. Бастайық!
Ән: 1. Жаңа жыл 2. Мектеп 3. Арман 4. Қар

Би: 1. Қара жорға 2. Грузин биі 3. Шығыс биі 4. Ча-Ча-Ча

Жігіт: Ендеше келесі ойынымыз "Бірнеше сағыз шайнап Жаңа жылға тілек айту" деп аталады. 

Ақшақар: Балалар барлығыңыз да өнерлі екенсіздер. Ендеше бізбен бірге әсем шыршамызды айналып би билейік. (Орындарына отырады)
Аяз ата: Жарайсыңдар, балаларым! Meнi бүгін бip куантып, алыс жерден шаршап келгенде көңілімді көтердіңдер. Барлықтарың да ақылды, білімді де өнерлі екенсіңдер.
Ал енді біз жолға шығайьқ. Бізді басқа да сендер сияқты балалар күтіп отыр. Тағы да Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!
Ақшақар: Жаңа жылда, балалар, 
Тек жақсылық көріңдер.
Жылау, ауру, жамандық
Қастарыңда болмасын
Сау болыңдар, балалар!
Аяз-Ата: Қош, сау болыңдар, балалар!

Қыз: Аяз ата мен Ақшақарды суретке түсуге шақырайық!

Жігіт: Аяз ата мен Ақшақарды шығарып салдық, ендігі кезекте Жаңа 2014 жылдың Ханзадасы мен Ханшайымын анықтайтын кез де келді. Бүгінгі кештің қонақтарына бір-бір жапсырмадан беріп шығамыз. Бұл жапсырмаларды қыздар осы кеште ұнатқан жігіттеріне, ал жігіттер ұнатқан қыздарына жапсырады. Ең көп жапсырма жинаған жігіт пен қыз Жыл Ханзадасы мен Ханшайымы атанады. Ал қазір жапсырмаларды тарата берейік.

Ән қойылып, би билейді. (Ханзада мен Ханшайым анықталған соң)

Жігіт: Сонымен бүгінгі кештің Ханшайымы ... ал Ханзадасы ... Қане, қошемет білдірейік.
Қыз: Жаңа жыл, жаңа жыл.
Қалауын тап, қар үстіне қада гүл, 
Жігіт: Жаңа жыл, жаңа жыл.
Сан тілектің бастамасы ғана бұл.
Қыз: Кел жаңа жыл, игілік боп, иба боп
Жер бетіне кереметті жина көп.
Жігіт: Ақ қауырсын қанатына қайғы емес
Түтін емес, рауан нұры жинап от.
Жаңа жылдарың құтты болсын! 
Қыз: Жүздерің әрқашан жарқын, көңілдерің шат, өмірлерің думанға толы болсын. 
Жігіт: Жаңа жыл шаттығы мәңгілік тарқамасын! Осымен думанды кешімізді тәмамдап, әрі қарай би кешімізбен жалғастырайық!

Қосылған күні: 10 желтоқсан 2013, 08:26
Пікірлер
+0
11 желтоқсан 2013, 22:26

Рахмет интернеттен издеп ауре болмайтын болдык :o

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.