Жыл қорытындысы. Спорт

Жыл қорытындысы. Спорт

Ұлу жылы да аяқталып келеді. Бұл жылы Массагет порталының "Спорт" бөлімінде қызықты да маңызды мақалалар шығып отырды. Әсіресе Еуро-2012 футбол тойы мен Олимпиада ойындары барасында порталымыздың "Спорт" бөлімінде қызу жұмыс болды. Еуропа турниріндегі әр ойынның қорытындысы мен Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен әрбір қазақстандық спортшының нәтижелерін үзбей жариялап келдік. Сонымен қатар Олимп ойындары барысындағы қызықты оқиғалар мен рекордтарды да бердік. Сондай-ақ ел спортшыларының әрбір жарыстан олжалы қайтқанын сүйіншілеп жазып отырдық. Енді міне, жыл қорытындысы да келді! Назарларыңызға жыл бойында ең көп оқылған 5 материалдарды тізбектеп беруді жөн көріп отырмыз.

Сонымен жыл бойына ең көп қаралған мақала «Спорт туралы қызықты деректер» атты материал. Бұл мақаланы оқырмандар 2225 рет қарап, 4 пікір қалдырған екен. Мүмкін бұл мақаланы сіз де оқыған шығарсыз?! Есіңізге түсіру үшін материалды толығымен сіздердің назарларыңызға қайта ұсынып отырмыз:

1.Швецияда 1920 жылы өткен Олимпиада ойындарында нысананы көздеп ату жарысында 72 жасар Оскар Сван күміс медальге қол жеткізіп, әлемдегі ең кәрі Олимпиада жеңімпазы атанды.

2. 1976 жылы Еуропа чемпионаты аясында Франц Бекинбауэр ГФР-ның намысын 100 рет қорғап, спорттық мансабын тәмәмдаған.

3. Спорттағы жасы ең үлкендер – бильярд чемпиондары. Алтын медаль иегерлерінің орташа жасы шамамен - 35,6.

4. NHL- ойындарының бірінде ең жылдам гол 3 секундта соғылған.

5. 1936 жылы Алекс Энрлих пен Панет Фаркаш үстел теннис ойынында бір шарды 2 сағ. 12 мин. бойы ойнатқан.

6. Манилде өткен шахмат Олимпиадасындағы АҚШ құрамасы: Ирина Левитина, Елена Ахмыловская, Анна Ахшарумова, Эсфирь Эпштейн. Жаттықтырушы: Александр Иванов.

7. 1936 жылы алғаш рет қорғаныс маскасын жапондық  хоккей қақпашысы Танаки Хоим киген.

8. 1700 жылы Англияда бейсбол пайда болған.

9. Дойбы шахматтан үлкен.

10. Англиядағы Уэмбли стадионы тек футбол кездесулерін өткізуге ғана арналған. Бұл жерде жаттығу жұмыстарын жүргізуге болмайды.

11. АҚШ-та бильярд кең таралған ойындар тізімінің жетінші сатысында орналасқан.

12. Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын әйелдердің орташа жасы – 20.

13. Үстел теннисіндегі шардың салмағы – 2,5 гр.

14. Бразилия -  барлық футбол чемпионаттарына қатысқан әлемдегі жалғыз мемлекет.

15. Шахмат ойынында алғашқы төрт жүрістің 318 979 564 000 комбинациясы бар.

Екінші орында Олимпиада ойындарында топ жарған толағайларымызға арналған «Олимпиада жеңімпаздарына арналған жырлар» атты материалымыз. Бұл мақала 1917 рет қаралған. Қазақ поэзиясында шоқтығы биік жеңіс жырлары жалғасын тауып, жыр үстіне жыр қосылды Олимпиада барысында. Бағы мен бабы қатар шаппаған бауырларымызға да түсіністікпен қарағанымыз жөн болар. Қоржынына 3 қола, 6 алтынды түсірген кез келген Алаш баласының «Алақайлап» қуануы орынды. Қанжығасы майланған қазақ жыр жазып, жарыс жолында жүрген басқа да бауырларына өлеңмен сенім артпақ. Ендеше, ақындар не дейді екен?

Сыр толағайы!!!

Уа, сүйінші, Қазақстан... күллі ауыл!

Зіл темірді шырқ үйіріп зілмауыр.

Барша әлемді жалт қаратып жасындай,

Лондонда Ильядай тұр бауыр...

Төрткүл дүние жапырылды қоғадай,

Күн күлімдеп,

қолымызға қонады Ай.

Шырқау шыңын бағындырған Олимптің,

Илья Ильин Сырда туған Толағай.

Байтақ елің шапағатын төгеді,

Анам Сырдың, бабам Сырдың өрені.

Аруақ! Аруақ!

Дәдем Қорқыт аруағы,

Альбионда сені желеп-жебеді.

Түк емес-ау Намысқойға шың, белес,

Шын жүйрікті мәстек бүгін күндемес.

Жіп есе алмай қалды сенің жаныңда,

Өзің аттас аңыздағы Муромец.

Серік еткен Жігері мен Сенімін,

Күллі елінің асқақтатар көңілін.

Олимптің алты алтыны аптаған,

Құтты болсын, Қазақия, өңірің!

Мен қайтемін дұшпанымның бөскенін,

Жеңісімді шаршы алаңда тос, менің! 

Олимптің Гераклы... Зевсі... 

Көтеруге болды мәжбүр қос қолын.

Әнұранын әуелетіп Алаштың,

Абыройың ақша бұлттан әрі ассын.

Бас игіздің бес құрлық, төрт мұхитқа,

Менменсіген енді өзіңмен санассын.

Бос кетпеді төккен терің Ел үшін,

Ертегіден болмады кем ер ісің.

Тау көтерген Толағайға төр ұсын, 

Құтты болсын, Қазақстан, жеңісің!!! 

Біз тек екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы атанған Илья Ильинге арналған «Сыр толағайы!!!» өлеңін беріп отырмыз. Басқа олимпада чемпиондарына арналған жырларды мына сілтеме арқылы көре аласыз!

Үшінші орында спорттың тарихынан сыр шертетін «Спорттағы жетістіктеріміз» мақаласы. Бұл мақалада Қажымұқан бабамыздан бастап, Тәуелсіз Қазақстанның чемпиондарын тізіп шығады. Материал 1447 рет қаралып, 3 пікір қалдырылған.

Порталымыз қызықты болуы үшін біз сіздерге суреттерден құралған материал беріп отырамыз. Спорт порталында да бұл бағыт бар.

Төртінші орында Лондон Олимпиадасында қазақ спортшыларының салтанатты шеруі мен Ұлыбританияның әсем астанасына арналған «Лондон Олимпиадасы – 2012. Суреттер сөйлейді» атты материалына бұйырып тұр. Бұл материал 787 рет қаралған.

Үздік бестікті Олимпиада ойындарының чемпионы Зулфия Чинчанлоның Қытайға деп кетті қоғамда көп дау тудырған «Зулфия Чиншанло Қазақстаннан кетті ме?» деген мақала. Бұл материалды оқырмандар 1007 рет қарап, 21 пікірмен бөліскен екен.

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: massaget.kz

Қ. Қауымбек