Атырауда вакцина салдырған он адам 200 мың теңгенің сертификатын ұтты

Атырауда вакцина салдырған он адам 200 мың теңгенің сертификатын ұтты

Атырауда вакцина алған 10 адам ақшалай ұтыстың 200 мың теңгенің сертификатын ұтып алды. Бұдан бұрын Атырауда вакцина алғандар арасында жүлде қоры 40 млн теңгелік ұтыс ойыны басталған еді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, кеше, 11 шілдеде тәуелсіз бақылаушылардың қатысуымен кездейсоқ сандарды таңдау арқылы 200 мың теңгелік 10 сертификаттың иесі анықталды.

"Ақшалай ұтыстың алғашқы иегерлері – Сахи Қалымбетов (Қызылқоға ауданы), Асыланбек Елемесов пен Ержан Махмутов (Құрманғазы ауданы), Жылыой ауданының тұрғыны Батырбек Төлеуғали мен Атырау қаласынан Гүлбаршын Мұхамбетова, Иван Вьюрков, Асылан Мунбаев, Роман Дияров, Асылан Мұханбетов және Рамиль Өтеғұлов. Оларға 200 мың теңгенің сертификаты тапсырылды", - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Атырау облыстық "Азаматтық Альянс" ЗТБ ұйымдастырған ақшалай ұтыс ойыны он күн сайын 30 қыркүйекке дейін вакцина алғандар арасында ойнатылады.

Ақшалай ұтыстың алғашқы ойыны 11 шілдеде тікелей эфирде өтті. Онда 200 мың теңгелік 10 сертификат ойнатылды.

Әлем елдері вакцина алу үшін халықты қалай ынталандырып жатқанын хабарлаған едік. Мысалы, АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина алып, лотореядан жолы болған адамдар 5 миллион доллар, ал Мәскеуде  автокөлік ұта алады.

Т. Раушанұлы