Бір ай бойы фастфудпен тамақтанса не болады?

Бір ай бойы фастфудпен тамақтанса не болады?

Фастфуд – ультраөңделген тағамға жатады. Құрамында пайдалы заттарға қарағанда зияндысы көп. Тез дайындалатын тағамның бұл түрі ағзаға қаншалық зиян екенін көрсету үшін ағылшын дәрігері арнайы эксперимент жасаған екен.

Ағылшын дәрігерінің есімі – Крис ван Туллеке. Дәрігерлікпен бірге тележүргізушілікті қатар алып жүрген маман. Фастфуд өнімдерін шынайы өмірде көп жей қоймайтын Туллеке оның зиян не пайдалы екенін білу үшін эксперимент жасап көрген.

Яғни, бір ай бойы, нақтырақ айтсақ, 4 апта бойы ертелі-кеш тек фастфудпен тамақтанған. Британ дәрігерінің сөзінше, күнделікті тамақ рационының 80 пайызын фастфуд құраған екен. Құрамында майы мен көмірсуы көп мұндай тағам дәрігердің ағзасына кәдімгідей салмақ салған көрінеді.

Бір айдың ішінде 7 келі салмақ қосып, денсаулығы нашарлап кеткен. Асқазанында қыжыл пайда болып, геморройы асқынып кеткен екен. Денесін әлсіздік басып, шаршау, ұнжырғасы түсу сынды депрессиялық көңіл-күйдің белгілері байқала бастаған. Бұрын жақсы ұйықтап жүрген дәрігердің тәжірибе кезінде ұйқысы қашып кеткен екен. Айтуынша, түнде ұйықтай алмай дөңбекшіп жататын кездері көбейген.

Мұндай шағын тәжірибені Туллекенің әріптестері де жасап көрген екен. Олар да бір ай бойы фастфуд жеп шыққан. Эксперимент аяқталғаннан кейін жүргізілген медициналық зерттеуде бір ай бойы фастфуд жеген адамның миында сол тамаққа деген кіріптарлық, басыбайлық пайда болған екен. Содан қарны тойып тұрса да, миы тоймай, тамаққа, тоңазытқышта тұрған фастфудқа жүгіре берген.

Қ. Слямбек