Отырып жұмыс істеудің зардабын қалай жоямыз?

Отырып жұмыс істеудің зардабын қалай жоямыз?
Фото: organicwoman.ru

Қазіргі индустрия қоғамында адамзаттың ауыр жұмыс пен қимыл-қозғалыстан қалғаны белгілі. Көбіміз отырып жұмыс істейміз. Өркениет құралдары бізді кейде мешеу етіп тастағандай. Кір жумаймыз, кір мәшине жуады. Үйді жуып-тазаламаймыз, шаңсорғыш тазалайды. Жұмысқа жаяу бармаймыз, қоғамдық көлікпен не жеке автокөлікпен қатынаймыз.

Кейде демалыстың өзін табиғатта өткізуге ерінеміз. Оның орнына үйде жатып, фильм, сериал, телебағдарлама көргенді жөн санаймыз. Соған қарамастан кейде өзімізді физикалық жағынан белсенді, қимыл-қозғалыс көп жасайтын адамға жатқызамыз.

Егер адамның физикалық белсенділікке күніне 30 минуттай ғана уақыты кетсе, бұл – өте аз деген сөз. Бұл – отыру өмір салтының айқын белгісі.

Ересектермен бірге қазір балалар да енжар бола бастады. Жаңадан шыққан сауалнамаға көз жүгіртсек, зерттеуге қатысқан балалардың жартысы "отырыс" салтына көшкендер екен.

Адамзаттың эволюциясы мен биологиялық жаратылысы әлі мұндай өмір салтына үйренісе қоймады. Сондықтан денсаулыққа  тигізер зардабы шаш-етектен.

Көп қимылдамайтын адам жүрек және қан тамыры ауруларына шалдығу мүмкін, диабет пен инсультке тап болу ықтималдығы басым. Ас-тағамнан жиналған энергия қимыл-қозғалыс арқылы сыртқа шығуы тиіс. Ал шықпаған энергия ағзада майға айналып, семіздікке жол ашады.

Сонымен қимыл-қозғалысты қалай көбейтеміз?

Алдымен қарапайым дүниелердің өзін қолмен істеуге тырысу керек. Барынша көбірек жүру қажет. Дүкенге барсаңыз да, жоғары қабатқа шықсаңыз да, жұмысқа барсаңыз да, жаяу жүруге тырысыңыз. Күніне кем дегенде жарты сағат жүру керек немесе 10 мың адым жер жүрген абзал.

Бала ойнатыңыз, серуенге алып шығыңыз. Баламен бірге отырып теледидар не смартфон көруге қарағанда, онымен ойнаған әлдеқайда пайдалы.

Физикалық белсенділік мына нәрселерге көмектеседі:

- Қан айналымын жақсартады;

- Адам жасушасына оттегі жетіп, қан айналымы күшейеді;

- Ағзадағы май энергияға айналады;

- Бұлшықетті қалыпта ұстайды, бұл зат алмасымы үшін өте қажет;

- Мида эндорфин бөлінеді, содан адамның көңіл-күйі көтеріледі;

- Күйзеліс азаяды.

- Қанда инсулинді азайтады, содан біраз аурудың беті қайтады.

Қ. Слямбек