Бала тұтығып сөйлесе не істеу керек?

Бала тұтығып сөйлесе не істеу керек?
Фото: www.dbs.com.sg

Баланың тілі шыға бастағанда былдырлап сөйлейтіні белгілі. Кейде кекештеніп, тұтығып сөйлеуі де мүмкін. Бұл – заңдылық. Ал бұл әдетін бала ұзақ уақыт қоймаса ше?

Медицинада кекештік деген түсінік жоқ. Баланың басында тілі шықпай, тұтығып сөйлеуі қалыпты жағдай әрі уақыт өте келе кетеді.

Бірақ мынадай жағдайларда баланы дәрігерге не логопедке апару керек:

- Бала 3-6 ай бойы кекештеніп жүрсе әрі жиі-жиі тілі байланып қала берсе;

- Жанұяда не әулетте тұтығатын адам болса (тұқымнан);

- Бала тұтығып сөйлейтінін біліп, одан ұялса.

Логопед балаға сөзді жылдам не ақырын айтқызып, тілін жаттықтыруға көмектеседі. Әрі балаға қысылмауды, ұялмауды үйретеді.

Ата-анаға мынандай кеңес беруге болады:

- Бала алғашқы кезде тұтығып сөйлеп, біраз кекештік байқалса,  қара аспанды төндірудің қажеті жоқ. Бұл балаға да зиян, өзінен-өзі қысылатын болады. Содан тіл кемістігіне әкелуі мүмкін.

- Баламен көбірек сөйлесіңіз, сөзін барынша аяғына дейін тыңдау керек. Мейірім мен махабаттан кенде қалмасын. Барынша түсінуге тырысу қажет. Әрі сөзді не сөйлемді аяқтай алмай жатса, оның орнына сіз жалғап, сөзін аяқтамаңыз. Өзі сөйлесін.

- Балаға қоғам не отбасы мүшелері тарапынан қысым болмасын. Мұның барынша алдын алған жөн.

- Егер балада расымен тұтығу, кекештік бары белгілі болса, балаға оны түсіндірген абзал әрі онымен бірге екеніңізді ұқтырыңыз.

- Логопедпен ақылдасып, баланың тілін жөндеуге тырысу қажет.

Тұтығудың пайда болу себебі

Статистикаға сүйенсек, әлемде дүниеге келген 20 баланың біреуі кекеш боп туады екен. Аурудың белгілері 2-5 жаста байқалады. Бірақ уақыт өте келе кетеді. Кейде бір аптадан бірнеше жылға дейін жалғасуы мүмкін. Ал кейбірі сол беті қалып қоюы ықимал.

Яғни алғашында тұтығып сөйлеп жүрген балалардың кейін 1 пайызға жуығы сол күйі сөйлей алмай қалады. Бала дамуында бір кемістік болды деген сөз.

Кекештік – тұқыммен, ген арқылы берілетін дерт. Кекештікке душар ететін арнайы ген болатын көрінеді. Мұны медицина кейін анықтады.

Бала туғанда не жүре келе жарақат алса, ми қабаты жарақаттанса, содан кекештік пайда болуы мүмкін. Шок алса да, психогенді дертке тап болады.

Көбіне, ұл бала кекештікке "бейім" келетін көрінеді.

Қ. Слямбек